Өмірдерек

  Шәкәрім Құдайбердіұлы

                  Ақын, аудармашы, тарихшы, сазгер, философ

 Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылдың 11 шілдесінде (ескіше күнтізбе бойынша) Шыңғыстауда, Байқошқар өзенінің бойындағы Кеңбұлақ деген жерде дүниеге келген. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында қарасты жер.

 Әкесі Құдайберді - Абайдың ағасы. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға берді. 

 1866 жылы әкесі Құдайберді 37 жасында дүние салады. Ендігі жерде Шәкәрім Құнанбайдың тәрбиесінде, тікелей Абайдың қамқорлығында болады. Абайдың үлгі-өнегесіне қанық болған жас ақын ағасындай кемеңгер, білімді әрі дарынды болуды армандайды. Кейініректе, бүкіл қазақ жастарын ағасы, ақылшысы Абайдан тәлім алуға шақырып “Жалыналық Абайға, жүр баралық” атты өлеңін жазады. Шәкәрім Абайдың қазақ ұлтының рухани ұстазы болатынына алғашқы болып көз жеткізген шәкірті және бауыры. Ол Абайды бала кезінен бастап өмірбақи үлгі, өнеге етті. Басқаларды да соған үндеді.

  Шәкәрім – жарты ғасырдан астам шығармашылық өмірінде әдебиеттің барлық жанрында жемісті еңбек еткен қайраткер. Әдебиетті, тарихты, географияны, жаратылыстану ғылымын, физиканы, сөз өнерін, музыка өнерін оқыған. Ой еңбегімен қатар, дене еңбегіне төселген, шеберлікті үйренген, бертін келе мәдениетті жолға салып, ұлттық киімдердің үлгісін жаңарту, ас пісіру, дастархан әзірлеу, көшпелі ел жағдайында, қатты қыстарда, далада, қар үстінде шырпысыз от жағу, үйді үйдің, іргелес қыстаулардың арасында сымды қатынас орнату сияқты тұрмыс мәдениеті жөнінен халыққа өзі тапқан тәсілдерін ұсынған, ол ауырып, сырқаттанғандарға алғашқы жәрдем көрсете алған, медицинадан сауаты болған, аптечка ұстаған. 

  Тоғайдан ағаш кесіп, отын жарған, боранды суық күндерде әйелдерге болысып, өзеннен, құдықтан су тасыған. Дене еңбегін бұл адам жан рахаты деп білген.

«Жылым— қой, жұлдызым — июль...»

Жылым — қой, жұлдызым — июль,
Жасым — жеті жүз он жеті ай.

Толық алпыс болады жыл,
Қосылса июнь, апрель, май.

Қазақшылап есеп қылсам,
Бесінші мүшелім — бұл сан.
Өмір қанша, өлім қанша,
Емес ол біз білерлік жай.

   Ақын араб, парсы, орыс тілдерін жетік меңгереді. Өз бетінше ізденуі нәтижесінде заманындағы ең білімдар адамдар санатына қосылады. Бірнеше тіл білуі оның тамаша аудармалар жасауына алғышарт еді. Хафиздің лирикалық шығармаларын, Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын тәржімалады. Орыстың классикалық әдібиетін терең зерттеп оқыды. А.С.Пушкиннің «Дубровский» повесі мен «Боранын» өлеңмен аударды. Л.Н.Толстойдың бір топ әңгімелерімен қазақ оқырманына таныстырды. Л.Н.Толстойға арнайы хат жазып, көкейіне қордаланған ойларын жинақтап, ақыл-кеңес сұрайды. Хаттардың түпнұсқасы жоғалып кеткен.

1876 – Шәкәрім Мәуенге үйленді.

1878-1880, 1887-1888, 1901-1905 жылдары Шыңғыс елінде үш рет болыстыққа сайланған.

1881 – Абай Шәкәрімді Е.П.Михаэлиспен таныстырды.

1882 – Шәкәрім Айғаншаға үйленді.

1903 –Шәкәрім Орыстың императорлық географиялық қоғамы Батыс-Сібірлік бөлімі Семей бөлімшісінің мүшелігіне қабылданды.

1905 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы қажылық сапар шегеді. Ол ағасы Абайдың тапсыруымен Стамбулға, Египетке, Меккеге саяхат жасайды. Бұл сапардан діндік дәстүр бойынша хажы атанып қайтқан. Осы жолында Парижде тоқтап, Францияның архивіне көз жібереді, кітапханаларында болады.

1906, наурыз – ақын қажылықтан оралды.

1908 – ақын Семей түрмесінде жатқан Әлихан Бөкейханмен дидарласты.

1909 – ақын Л.Н.Толстойға хат жазды.

1911 жылы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі»«Мұсылмандық кітабы» еңбектері жарық көрді.

1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» баспаханасында «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары жеке-жеке жинақ ретінде басылды.

1913 – Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінде (28 сәуір № 12) Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегі жайында «Ерекше сөз» атты тілеулес мақаласын жариялады.

1916 – Ж.Аймауытов «Желкек» атты бүркеніш есіммен «Қазақ» газетінде (1916 жылдың 9 ақпаны,  № 168) «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегіне арналған «Шәкәрім ақсақалға» мақаласын шығарды.

1917-1918 жылдары Алаш қозғалысына қатынасып, уездік земство жұмысына, Алаш сотының қызметіне араласады. Көп ұзамай қоғамдық-саяси қызметтен алшақтап, дау-дамай мен айтыс-тартыстан іргесін аулақ салады.

1918 – «Шын бақыттың айнасы» эссе-шығармасы басылып шықты.

1918 қаңтардан қарашаға дейін – Алашора үкіметінің соты, төбе биі.

1922-1923 – Ташкенттегі «Шолпан» журналында ақынның «Ләйлі – Мәжнүн» поэмасы басылып шықты.

1923 – ақын «Қазақ тілі» газетінің редакторынан мақала жазып жіберуді өтінген хат алды.

1924 жылы Семейде «Дубровский әңгімесі» баспа көрді. Оның көптеген өлеңдері, мақалалары, очерктері «Айқап», «Абай», «Шолпан», «Таң» журналдарында, «Қазақ», «Сарыарқа», «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде басылды. Шәкәрімнің «Нартайлақ-Айсұлу» поэмасы, «Әділ-Мария» романы, «Үш анық» философиялық туындысы өзі дүниеден өткеннен кейін оқырман игілігіне айналды. Ш.Құдайбердіұлы қоршаған ортадағы өзгерістерге үнемі қызу араласқан.

1925 жылы Шыңғыстың Шақпақ аталатын өз қыстауынан он бес шақырымдай жерде қора-жай салып алып, таза шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Өмірінің ақырына дейін елден оқшауланып, жазу-сызумен біржолата беріле айналысады. Айдаладағы жанға кеңестік саясат тыныштық бермей, Шыңғыстау көтерілісін ұйымдастырды деген айып тағылды. 

1925-1926 – Гарриет Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны» шығармасын аудару жұмыстарын жүргізді.

1931 жылдың 2 қазан күні НКВД-ның жендеттері ұлы ақынды атып өлтіреді.

1958 – Шәкәрімнің аты мен шығармашылығы ресми түрде ақталды.

1961 – Ахат Құдайбердиев әкесінің сүйегін құрқұдықтан қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі.

1958, 29 қазан – СССР Бас прокуроры канцеляриясы Шәкәрімнің ақталғыны жайында құжатқа қол қойды.

1988, 14 сәуір – Қазақстан Республикасы Орталық комитеті Шәкәрім Құдайбердіұлын толықтай ақтау туралы шешім қабылдады.

Н.Өтепбаев «Шәкәрім»

қағаз, сангина

(2008)

 

 

 Қажы марқұм мені жетім деп аяп, қысып оқыта алмай, ғылымнан мақрұм қалып, жетімдікті сылтау қылып, ойыма не келсе соны істеп әдепсіз, ғылымсыз өстім. Әйтседе түрікше, орысша хат танып қалдым.

Шәкәрім

 

Шәкәрімнің анасы - Төлебике 

 

 «Құдайберді ер жеткен соң, Құнанбай оған әйел әпермек болып, Қаракесек руының Кедей деген табынан шыққан Алдабергенге құда болам деп кісі жібертеді. Алдаберген Құнанбайдың жіберген кісісіне: «Мен қыз берейін. Бірақ қоятын екі тілегім бар. Бірінші, ауыл арасы шалғай, бір-бріміздің қуаныш, қызығымызға кезінде құтты болсын айта алмасақ, өкпелеспейік. Екінші, өлім бар да қаза бар, бір-біріміздің қаза болғандарымызға уақытында көңіл айтып, бата жасаса алмасақ, ренжіспелік. Осы екеуіне келіссек, мен көндім», -дейді.

  Құнанбай: «Алдабергеннің екі тілегінде қабыл алдым», - дейді. Сөйтіп, Құнанбай Құдайбердіге Алдаберегеннің қызы Төлебикені айттырып, алып берді.

 Алдаберген бай емес, орта дәулетті, өте адал болған адам. Сол адалдығының арқасында ел қатты сыйлап, құрметтеген, абыройлы болған, балаларын, қыздарын ерте оқытқан адам. Алдабергеннің Төлебикемен туысқан баласы Төлебай да әке жолын ұстап, ол да адал, абыройлы болған. Төлебайдың балалары – Керімқан, Омар, Оспан, Мұса. Керімқан өте жақсы болған деседі, жастай қайтыс болыпты. Мен Керімқанды көрген жоқ. Омар, Оспан, Мұса нағашыларымды көрдім, алдарына да отырдым. Бұлар орысша оқыған. Омар мен Мұса өлең шығаратын, үшеуі де домбыра, скрипкаға жүйрік және қол өнерге шебер еді».

Шәкәрімнің әкесі - Құдайберді Құнанбайұлы

(1829-1866)

 Құнанбайдың бәйбішесі Найман Ағанас бидің қызы Күңкеден (негізгі аты Әйбөбек) туған жалғыз ұлы. Құдайберді жас кезінен атасы Өскенбай мен әжесі Зеренің тәрбиесінде болды, арабша сауат ашады. Құдайберді ер жеткенде әкесі Құнанбай баласына Қаракесек руының «Кедей» деген табынан шыққан орта дәулеті бар, ұл-қыздарын ерте оқытқан, адалдықты жоғары қойған, ел-қадірлеп құрметтеген, абыройы жоғары Алдабергенге құда түсіп, оның Төлебике деген қызын айттырып алып береді.

Елді старшындарға бөлген кезде Құнанбай екі дәрежелі старшын бол деп әл ауқаты төмен елу үй Әнет табы мен жиырма үй Қарабатыр руын Құдайбердіге бөліп береді... Табиғатынан мінезі орнықты, өнегелі Құдайберді бұл руларға да қамқорлығын жасап, артық шығын тарттырмайды.

Құдайберді жастайынан өкпе науқасына шалдығып, сырқатты болды. Ұзын бойлы, ақсұр, қара мұрт, қара сақал, өткір көзді, тік ияқты, сырт пішіні сұлу, қимылы тез, сергек Құдайбердіге Абай ақ ұнтақ және тамызып ішетін қызғылт дәрілер беріп, «қалаға барып дәрігерге қаратсам» дейді. «Қазір қыс іші ғой, жаз шыға барамыз» деген Құдайберді 1866 жылы көкек айында 37 жасқа шығар жасында дүниеден өтеді. Оның үлкен баласы Әмір 14 жаста, Мұртаза 11 жаста, Шаһмардан 9 жаста, Шәкерім 7 жаста, Ырзықбай қырқынан шықпай қалады. Үлкен әйелі Төлебике 36 жасында, кіші әйелі Ботантай 33 жасында жесір атанады.

Шәкәрім. Энциклопедия. 501-502

  Құнанбай Шәкәрімнің 27 жасында қайтыс болған. Әкем Шәкәрім атамыз Құнанбай туралы былай деуші еді:

  «Мен тәтеме сәлем беріп тұратын едім. Бірақ жиі барып, қасында отыруға мүмкіндік болмады. Тәтемнің ауылы біздің ауылдан шалғай болатын. Жылына 5-6 рет барғанымның өзінде көп әңгіме айтып, ақыл беретін. Маған өз өмірінің түрлі жайыттарын айтатын. Әсіресе, адалдық жағын баса үйрететін. Елге адал еңбек сіңірсең, адал болсаң, абыройлы боласың. «Елге жақсаң – құдайға жағасың!», «Көпсіз – көмусіз қалады», «Көп тілегі – көл», «Көпке сенген көгереді, Көпті жамандаған – көміледі», «Адам көппен көркейеді», - деген нақыл сөздерді айтып «Мені ажалдан, екі мәрте айдаудан елім алып қалды. Елімнің сол еңбегін өтей алмай кеттім. Мен абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарына жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім. Мен жасымда Алладан былай тіледім «Өзіме бақ бер! Бақ берсең, дәулет бер! Әкімшілікті бер! Бірақ елді өзіме қаратып алғанымша, істеген жаман қылықтарымды кеш! Сол тілектерімді беріп, кемеліме келгеннен кейін, ол берген бағыңды, дәулетіңді, әкімшілігіңді орнына жұмсай алмайтын болсам, екі аяқтының қоры, ең сорлы қыл!» - дедім. Бірақ балаларымды, туысқандарымды тату-тәтті қыл деп тілемедім. Оны да тілесем, беретін еді. Сол үшін тілегімді алдым. Мен елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ.

   Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарады, Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің аяғымнан, жағамнан алып, менімен кім жауласты? Туыстарым жауласты! Менің бағымды, абыройымды кім күндеді? Туыстарым! Сырттан келіп ешкім жағаласпады. Іштен жау шығып жағаласты! Сырттан іш жауы жаман. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң, оған ұшырарсың да, ақты ақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет деп құлағыма құя беретін!»   

Ахат естелігінен

Мені адалдық жағынан тәрбиелеп, ақыл берген үлкен әкем Құнанбай.

Шәкәрім

Н.Өтепбаев 

Құнанбай

1. Кеңбұлақ – Шәкәрімнің туған жері. Шыңғыстың төр жайлауы, Балашақпақ тауының шығысы мен Байқошқар өзенінің батыс жағалауындағы қоныс.

 

2. Керегетас – Шақпақ тауының бауырындағы Жыланды, Ділдә өзендерінің тұсындағы биік жота. Оның шығыс іргесінде кереге бітімді тұтас тас қабырға бар. Шәкәрім қажы кеңестік жендеттердің қолынан қаза тапқан жер. 

3. Байқошқар – Бақанас өзеніне құятын өзен. Шәкәрімнің балалық, жігіттік шағы, азаматтық ғұмыры  өткен өңір.

4. Шақпақ – Шыңғыстаудың сырт жайлауындағы қоныс. Шәкәрім Шақпақтағы Қарабұлақ басында қыста аң аулап, оңаша шығармашылықпен айналысуға арнап қора салғызған.

   Шақпақ Бала Шақпақ, Орта Шақпақ, Үлкен Шақпақ болып бөлінеді. Бала Шақпақта Абай дүниеден өткен.

 

5. Қоңырәулие – Шыңғыстың батыс шегінде Шаған өзенінің жағасындағы жапсарлас жерде орналасқан үңгір. Қоңырәулиеде Абай және оның орыс достары, Алаш қайраткерлері болған.

 

6. Ақшатау - Сарыарқаның оңтүстік-шығысында, Тарбағатай мен Шыңғыстаудың ортасында орналасқан тау. Шәкәрім мұнда саятшылық құрған.

7. Ақбайтал асуы - Шыңғыстаудың ең биік жотасындағы асу. Жайлауға шығарда және түсерде ел осы асудағы көш жолымен өтеді. Шәкәрім бұл асудан талай мәрте асқан.

8.  Шыңғыстау – ақындық өнердің ғаламат құдіретін танытқан ұлы Абай, әдеби-философиялық ойдың биік шыңына жеткен  данышпан Шәкәрім, көркем сөздің хас шебері кемеңгер Мұхтар дүниеге келген киелі мекен.

9. Жидебай -  Абайдың ата қонысы. Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан қалың қорық. Абай, Оспан, Шәкәрім, Ахат ескерткіш-кешендері, Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжанның бейіттері орналасқан  жер.

10. Ақшоқы – Абай ауданының солтүстік шығысындағы тау жотасы. Шәкәрімнің атасы Құнанбайдан тәрбие алып, ағасы Абайдан өнеге алған жері. Құнанбай әулетінің қорымы осы жерде.

11. Архат - таулы қоныс, бұрынырақта керуен жолы болған. Шәкәрім ақын саятшылық құрып, бүркіт салған жер.

12. Ащысу - Архат пен Орда тауларының арасымен ағып өтетін өзен. Ащысу бойында Еңлік-Кебектің ескерткіші, Ералы кесенесі бар.

13. Қасқабұлақ – Абайдың кіндік қаны тамған жер. Шолпан-Сарыадырның іші-сыртынан ағып шығатын бес бұлақтың аты. Соның бірі  Шәкәрім Қасқабұлағы деп аталады.

14. Бөрілі -  Қарауыл-Семей күре жолының шығыс жағында төрт шақырым қашықтықта. Осы ауылдан бір шақырым батыс терістігіндегі Аяққараған қонысында Мұхтар Әуезов дүниеге келген.

15. Күшікбай бұлағы - Семей-Қарауыл жолындағы бұлақ. Абай, Шәкәрімдер Семейге барар жолдағы аялдайтын, демалатын орын.

Баспаға әзірлеген: ф.ғ.к. Ақмарал Смағұлова