Шәкәрім ұрпақтары

Ахат Шәкәрімұлы

Тай мен Шақпақ арасы.                         

Керегетас саласы.                                  

Жер күңіреніп сілкінді,                         

Сарыарқаның даласы.                           

Жота, төбе, биіктер,                               

Тартып қайғы-күйіктер.

Маңырап, шулап жылады,                    

Арқар, марал, киіктер.                   

Арша, бұта, қайыңдар,                          

Нені сезіп, байымдар?                           

Бар табиғат мұңайды,                            

Түсіп ауыр уайымдар.              

Жас құйылып ағылып,  

Бұлт қайғырды қамығып.

Ай тұтылған аспанда,

Азалы перде жамылып.

Өлім күйін тартты жел,

Өксіді өзен, орман, көл,

Тулаған толқын бұлқынып,

Ақты арындап қанды сел.

Бұлар неге жылады?

Нені уайым қылады?

Терең, ойлы ақынның

Қаламы қолдан құлады.

Шолпан жұлдыз батқанда,

Күн шығып келе жатқанда,

Қанға батып жығылды,

Кеудесінен атқанда.                               

Кеудені оқ жаралап,                              

Ішін кетті аралап,                                              

Жүзге тілді жүрегін,                              

Тілім-тілім паралап.                              

Жүрек зорға жыбырлап,

Қозғалды ерін қыбырлап,

Нұрлы көзін төңкеріп,                          

Бірдеме айтты сыбырлап.                     

Деді: «Бірің бері кел,

Мен жау емес, едім ел!                          

Осы араға көміп кет, 

Молам болсын мына бел!   

Жасыр ағаң денесін,

Ит пен құстар жемесін!                         

Кейінгілер іздесе,                                              

Моласы жоқ демесін!                                         Жетті ажал, бітті хал,                             

Сырт киімін шешіп ал!                          

Орамалмен басты орап,                        

Іш киіммен көрге сал!  

Көм де мені елге қайт,

Барлық жанға сәлем айт!                        

Оққа ұшып өлді де,                               

Жайлауында жалғыз қарт!  

                                             

ҚАБЫШТЫҢ ӘКЕСІНЕ АЙТҚАНЫ

              Ол күнде:                                             

Хажы, ғалым, мұхтасыр,                      

Туыс қадыр сый болған.           

Болыс, ақын, писатель,             

Облыстық би болған.

Ақыл таппай қалмаған,             

Сауығы жоқ салмаған.              

Білім, талап, жүлдесі,                 

Мансабы жоқ алмаған.  

Мақсаты зор, жас болған,

Хақ жолына бас болған.

Жазған, айтқан, бастырған,

Көп наданға қас болған!

              Бұл күнде:         

Ақ қар, көк мұз Арқаның,        

Ықтай қонған тасында.             

Қырау басқан, бықсыған,         

Қара қосы басында.

Босағада қыраны –                     

Қондырулы тұрады.                  

Таңдап сүйген құралы –

Жаралысы асыл да.                    

Кіріп-шығып тықырлап,                       

Сындырғаны сытырлап.                       

Тынымы кем тыпырлап,                       

Бақыршы жүр осында.              

Қымбат, қызық мұңым деп,

Бақыт, рахат күнім деп.

Жанға сая, тыным деп,

Бүгін жетпіс жасында.

Қайрат, нұрдан айрылған,

Мақсат, талап майрылған.

Қаралы шал қайғырған,

Мен отырмын қасында.

Жым-жырт жапан көргісіз,       

Ой кезеді келгісіз.          

Жантаямын, белгісіз                  

Айығым да, масым да.

Селк етемін сарнағам,

Мұңлы үнінен зарлаған.

«Я, рабби!» арнаған,      

Келесіге мұңы бар.

Таңмын хиял зорына,

Қусырулы қолына.

Келген бармақ жолына

Ой кездірген түрі бар.

Ырзалық қамға ишарат,

Сұрғылт перде жүз қабат.

Бұл өмірде бізге жат,

Сырт айналған сыры бар.

Айнымасқа айналған,               

Дайындалған, сайланған.                     

Жабдық-жарық жайланған,      

Аман-есен еткендей.

Қайта айналып көрмеске,

Ақыл, көмек бермеске.

Хат, хабары келмеске,

Жат сапарға кеткендей.

Қажатың не? Дәрің не?             

Көнбегенге кәрің не?     

Өзіндік бар бәрінде.

Бір күн күнің өткендей!

...1961 жылы, 26 июльде Бақанасқа бардым. 27 июльде әкем сүйегін тастаған құдықты жалғыз қазып, ол күні метрден аз-ақ артық қаза алдым. Жаныма адам алмай, жалғыз қазған себебім: біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді.

28 июльде және қазып, барлық сүйегін түгел алдым. Тек, оқ бүлдірген екі сүйегі болды. Бірі – оң жақтағы тоқпақ жіліктің басын үзген. Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған.

Кейбір сүйектерін өлшеп алдым.

Бас шеңбері — 53 сантиметр.

Маңдайы қарақұсқа дейін – 31 сантиметр.

Құлақ-шеке арасы – 30 сантиметр.

Ортан жілік – 43 сантиметр.

Жіліншік – 46 сантиметр.

Жамбас – 26 сантиметр.

Бастың биіктігі – 19 сантиметр.

Әрине, осы өлшеулер дәп дәл деп айту қиын. Мен алған өлшеумен өлшесем де дұрыс болмауы мүмкін. Әкей өте ұзын адам болатын.

Сүйегін ауданға алып келдік. 7 августа қабірі қазылды. 8 августа Абай зиратының қасына жерленді. Жүзден артық адам қатысты. Жетісі де берілді. Ел жабдығына 6 қой, 240 сом шығарды. «Абай» совхозы мен аудан басындағылар түгел жиналды, басқа совхоздардан да келгендер болды. Аудан басшылары машина және басқа қажет нәрселерді бергізді. Жаңа өліктен де артық болды деуге болатындай. Сүйек келгенде жыламаған жан болмады. Көздерінің жасымен бірге қуаныштары да байқалды. Жаназасына қарт аталар, аналар түгел кірді. Семейде дұға өткіз деп 2 қой, 70 сом берді.

1961 жылы, 28 июльде әкей сүйегін көмілген құр құдықтан алып, плашыма орап қойып, осы өлеңді жаздым.

Гүллар Шәкәрімқызы

Зият Шәкәрімұлы Құдайбердиев

Әкеме

Қажы еді әкем кәрі шал

Жетпіс үште жасы бар.

Анық жеміс алғанға,

Шөлдеген жанға еді бал.

Сүйегі қалды қиырда-ай,

Басыңа халқын жиылмай.

Туысқан, бауыр балаңнан,

Топырақ қолдан бұйырмай,

Алланың пұлдап қағазын,

Өзгермей өткен сабазым.

Міндетін танып жөн көрген,

Ораза, зекет, намазын.

Бейсенбі күні өттін бе?

Шейіттік жолға кеттің бе?

Айырылман деген әкекем

Шынымен тастап кеттің бе?

Жиырма сегіз жасымда

Жалғанның көрдім тарлығын.

Қайғыны салдың басыма

Ең ауырын, барлығын.

Әкекем сізді сағындым,

Ойласам естен жаңылдым.

Жас өмірді сөндіріп

Тағдыр-ау, саған не қылдым?

Асқар белім, биігім.

Сарыарқаның жонында,           

Хақиқат-ардың соңында,          

Отырған әкем тамында,

Серігі – қалам қолында.                    

Оятып алыс-маңайын,

Ұқтырды, жазды талайын.

Төлеусіз берген сыйы көп,

Алсаңдар тілін ағайын!...            

(бірненше жолдар өшкен)

Жасынан ұстап адалдық,          

Етпеген зорлық, жамандық.                         

Момындар келіп дос болған,

Бойында толы адамдық.

Жеті жаста жетім қап,

Қолтығына Абай ап,

Үйреткен ақыл, өсиет,

Ашып көзін, жолға сап.               

Талабына ақыл сай,                

Талпынды іздеп, жатпай жай, 

Ақ жүрек, сергек,  сезімді,                                                   

Қайратты, ойға болды бай.

Оянды ерте ұядан,

Шықты қиын жырадан.

Қанатын жайып талпынды,

Алысқа тілеп қиядан.

Жетіліп, мінсіз түледі,

Алдында болды тілегі.

Өміріңде өлгенше,

Елі үшін бақыт тіледі.                              

Күн шалған жерді шарлады,

Керегін тапты, барлады.

Аянбай тапқан еңбегін,

Баршаға бірдей арнады.

Жазды, айтты ақылды,

Жақтады әділ, мақұлды.

Алаламай адамды,

Тең көрді алыс-жақынды.     

Ағасынан айрылды,

Абайды жоқтап, қайғырды.

Алмадың оның тілін деп,

Еліне кейіп, зар қылды.

Өзін де күндеп қаралап,

Өсек айтып жалалап.

Абайды ұрған арсыздар –

Әкемді кетті жаралап.

Елсізге қашты аңдай боп,

Адасқан топтан қаздай боп,

Мені атқан жараңдар,                            

Ақты былғап арамдар,                          

Тексеретін арымен                                 

Бар шығар кейін адамдар!                                

Сөзімді оқып көрерде,                           

Әділ сынын берерде,                             

Ақтап алар арлылар,                             

Ақтығыма сенер де!                              

Бітті өмір, болды сұр.

Туыс, өлім бұлар жыр.

Кейінгіге келетін

Менің жайым болар сыр!»

Осы сөзін елге айтты,    

Ар иесі ерге айтты.        

Табиғаттың жаршысы    

Соғып өткен желге айтты.        

Халі бітіп әлсіреп,

Шынтағымен жер тіреп.

Жарасынан қан шапшып

Денесі жатты тітіреп.           

Жатыр қанға боялып,

Келместей тірлік оралып.

Түскендей тулап қақпанға

Өлімге өмір оранып.

Әлсіреп, жерден тұра алмай,

Жан денені қия алмай.

Таза ақыл, жүйрік ой,

Кеткендей мойын бұра алмай. 

Төңкеріп көзқарасын,

Қолымен басып жарасын.

Шығарда жанмен қоштасты,

Дегендей қайда барасың?!

Салқындап жүрек, суып тән,

Тоқтады аққан қызыл қан.

Уә! —деді де, көз жұмды,         

Дем таусылды, шықты жан.

Арсыздың ары жоғынан,

Қайырымсыз, қанды қолынан,

Қазасы жетті кәрінің,

Адамның атқан оғынан.

Мұны бекер демеңдер,

Сендер уайым жемеңдер.

Сүйтіп өтті жалғаннан, 

Терең ойлы кемеңгер.

Береді дәуір кезегін,   

Өлмейді ақын, сеземін.              

Тек, ойласам сол халін,

Өртенер жүрек-өзегім!

Ахат Шәкәрімұлы

1931 жылы, Семей түрмесінде, әкейдің өлімін естігенде жаздым.

ҚАРТ ӨЛІМІ

Жапанға барып жатты әкем,

Панасыз бейне жандай боп...

(бірнеше жолдар өшкен)

Ойында бар ма алмақ дем,

Таппақ па әлде жараға ем?!

Сағынып үйде қалдым мен,

Сырыңды айтшы әке кем?!

Сіз кеттіңіз, қалдық біз,

Жаттыңыз барып, хабарсыз.

“Сарқыншық кенжем Гүлдарым,

Бір көрер ме едім”, дейтінсіз ...

(аузы  өшкен)

Әзір жоқ елге қайтарың,

Мынау болды байқарың –

Артыңа мұра қалдырып,

Көп екен әлі айтарың!

Жазу екен ермегің,

Көп екен ойда термегің.

Артыңнан келер өренге,

Бар екен борыш-бермегің.

Надандардан торығып,

Алысып, шаршап, зорығып,

Жалықпай соны қазыпсың.

Таусылмас кенге жолығып.

Сарғайып ойдан азыпсың,

Қазақтың мінін қазыпсың. 

Ар жүгін ауыр арқалап,

Келешек үшін жазыпсың!

Таза ойға терең төніпсің,

Жалынды жырлар төгіпсің.

Өлмейтін сөздер өмірде,

Қажымай, талмай теріпсің.   

Бойдағы асыл нәріңді,

Беріпсің түгел-бәріңді.

 Залым, сопы, қуларға, 

Төгіпсің, әкем, зәріңді.   

Ар жолын адал мақтапсың,

Адамдық борыш ақтапсың.

Әлемде ойшыл сөздерін                                   

Аударып, ұмытпай жаттапсың!

Ашуға мініп қашпапсың,

Адалға жұртты бастапсың.

Жуанның зорлық жолына,                               

Түспепсің, аяқ баспапсың.  

Мейірім, ұят, бойыңда ар,

Сабырлы, жігер күшің бар.

Арқалаған ел жүгін —                                      Қайыспас әкем қара нар!  

Қажымадың, талмадың,

Ізденіп қайда бармадың.

Түгелдей шарлап әлемді,

Не қажетті алмадың.  

Жолықтың ойдың кеніне,

Қорытып бердің еліңе.

Қалдырған мұраңды артыңа,      

Теңеймін шалқар көліне....       

(бірнеше беттер жоқ)   

Қораңа жалғыз барыпсың,

Аң аулап, тауды қағыпсың,       

Оққа ұшып адам қолынан,

Жапанда, әкем қалыпсың.                             

Сарғая күттім, келер деп,

Насихат айтып берер деп.   

Қоштасып, кешу алысып,    

Ойлаушы ем үйде өлер деп!

Айрылдым әкем, тірегім,

Далада қалды-ау сүйегің?

Бақытсыз, сорлы болдым ғой, 

Дәл келмей еткен тілегім!                              

Қолымнан, әкем, көмбедім,

Көзімше неге өлмедің?!

Естімей ақтық сөзіңді,

Өлерде жүзің көрмедім.                                    

Көп екен қайғы, көрмегім,

Осы ма тілек бергенің?!                     

Панасыз, зарлап қалғанша,

Жақсы екен бұрын өлгенім...           

(дәптердің көп беті жоқ)

Арымды жойып, бере алмай.

Қорлыққа салған көне алмай, 

У іштім әкем өлгелі,

Бірақ та, қалдым өле алмай.

Жанымды аяп қалмадым,

Жалғанға көз салмадым.

Қабышты қимай, өмірде

Сол еді тірі қалғаным.

Өсиетің сіңген сүйектен,

Таза көңіл-тілектен.

Кетпейсің әкем өмірде,

Қайғылы, мұңлы жүректен!

Қаралы өмір сүрермін.

Несіне ойнап-күлермін?!

Өзімді-өзім жұбатып,

Әніңді айтып жүрермін!

Тоқтамас жасым көзімнен,

Аламын үлгі өзіңнен. 

Оңаша жерде тірідей,

Сөйлесем әкем өзіңмен.

Көруші едің жаныңдай,

Жүрегіңнің қанындай.

Еркелеткен әке-кем,

Жүрермін қалай сағынбай?!

Жүректен шығар зар ма екен,

Қайғылы мендей бар ма екен?

Әлемге айқын әкемді

Жоқтасам, елім ар ма екен?!

Қамықтым жаным қиылмай,

Басыңа елің жиылмай.

Арманда қалды әкекем,

Топырақ қолдан бұйырмай...

(төрт ауыз өлең оқылмайды)

Қабырға жайлап салынбай,

Бетің жөндеп жабылмай,

Сүйегің қалды құдықта,

Әлі де жатыр алынбай.

Ойымнан кетпес арманым.

Жерленбей қолдан қалғаның!

Кеш, әке, елсіз, нәзікпін,

Сондықтан алмай қалғамын!...

(бірнеше беттер жоқ)

Айрылдым бауыр, анадан,

Туысқан, қимас ағадан.

Жалғыз қалдым сандалып,

Айрылып сүйеу, панадан?!

Торға түстім тұтылып

Әлім жоқ кетер құтылып,

Басымнан кешкен көп — қайғы,

Кетпейді ойдан мұтылып,

Он жеті толар жасымда,

Айықпай көзден жасым да,

Дос түгіл, дұшпан көрмесін,

Қазаны тартқан басымда.          

Сөкпеңіз, мені жылаған,

Бар тірегі құлаған,

Бар екен тағдыр аяусыз,

Сақтаған маған сыбағаң.

Керегі жоқ рахаттың,

Жас өмірімді талаттың.

Тірлігімде тілеймін —

Алдында кеткіз Ахаттың. 

Тағдыр-ау, жаздым не саған,

Көрсетпедің не маған?!

Бақытты өмір Ахатқа.

Тілеймін, енді бер соған!

ӘКЕСІ ӨЛГЕНДЕ 1931 ЖЫЛЫ ГҮЛЛАРДЫҢ АЙТҚАН ЖОҚТАУЫ