Шәкәрім және әуезов

  «Әкей жалпы жастарды, оның ішінде оқыған жастарды жақсы көретін... Өзім толық (есімді) білетін кезде Мұхтар Әуезов, Даниял Ысқақов сияқты оқыған жастар келіп, бірнеше күн жатып, әкеймен әңгімелесетін. Сонда Мұхтардың көп сұрайтыны шығыстық ақын-жазушылары болатын... Мұхтар әкеймен жиі әңгімелесетін.

  Сонда, Мұхтар мен арқылы әкейге хат жазып, керекті сұрақтарына жазба түрде жауап алып тұратын. Кейінде Мұхтар марқұм айтатын: «Сол кезде шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұстазым Шәкәрім!»

Ахат естелігінен

  1928 жылы Шәкәрім үйінде, тіпті кеңес үкіметінің рұқсатымен қазақ даласымен танысу сапарында жүрген неміс дәрігері, ғалым, профессор Макс Кучинский де қонақ болыпты.

  Кучинскиймен, орыс аудармашысынан (латыш) басқа, дәрігерлік оқудығы жас қазақ Қошке Кеменгеров те бірге жүрді. Жас жігіт Мұхтар Әуезовті жақсы біледі екен, сондықтан оның туған ауылы Бөріліге қонаққа барады.

  Мұхтар Әуезов 1919 жылы коммунистік партия қатарына кіріп, сол жылдың қазан айынан бастап Колчакқа қарсы күрескен жасырын ұйымда болған. Макс Кучинский көпті көрген қазақпен әңгімелескісі келеді. Мұхтар Әуезов қонақты ұстазы, шығармашылық жағынан үлкен ағасы Шәкәрімге ертіп барады.

  Кучинский Шәкәрімнен дәстүрлі мәдениет, қазақ ақындары мен халық ауыз әдебиетінің түрлері жайлы көп сұрастырады. Қазақшадан орысшаға көбінесе Мұхтар Әуезов аударып отырады. Қарттың философиялық зерттеулері жайлы білген Кучинский ақын оқыған кітаптары жайлы сұрап, атақты философтарға деген дүниетанымдық көзқарастарын білгісі келді...

  Ахаттың сөзінше, неміс ғалымы қоштасарда Шәкәрімге: «Мен сізбен кездесіп, әңгімелескенім үшін бақыттымын. Сізді нағыз ғалым, дала ойшылы деп білемін! Үйге барысымен даладағы өмір жайлы кітап жазамын. Егер мүмкіндік болса, тағы келемін. Қазақ тілін үйренгім келеді, ал сіз неміс тілін үйреніңіз. Сонда ешқандай аудармашысыз әңгімілесеміз», -деп аттаныпты.

  Отанына оралған Макс Кучинский «Дала және оның халқы» кітабын жазып, басып шығарады. Ал Мұхтар Әуезов ақынға шығармаларын жариялауға көмек беруге уәде береді. Алдымен «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасының қолжазбасын алып кетті. Шәкәрім өте жоғары бағалаған жас қайраткер, шығармашыл талант иесі сөзінде тұрды.

  Қазақ автономиясының ОАК мүшесі болды. Бірақ 1922 жылдың күзінде жиырма жастағы Мұхтар Әуезов Орынбордағы ірі мемлекеттік лауазымын тастап, Ташкенттегі Орта Азия университетінің еркін тыңдаушысы болып оқуға түседі.

  Сол кезде ғана «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын жариялауға мүмкіндік болды. Ташкентте «Шолпан» журналының 2-5-ші және 6-8-ші нөмірлерінде 1922-1923 жылдар аралығында шықты. Бірақ Шәкәрім басылымда кеткен қателердің көптігіне қатты ренжіді.

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

 тарих ғылымдарының докторы,

профессор Е.Сыдықов

...Заман қанша қақпақыл қойғанымен, Әуезов Шәкәрім есімін келешек ұрпаққа жеткізуге бар ықылас-кейпін, күш-жігерін жұмсады. «Әуезов жолдастың Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де, оған мейірімді көзбен қарауға, ең жеңіл тілмен айтқанда − ұят», − деген С.Мұқанов енді Әуезовтің көркем шығармаларындағы Шәкәрімнен елес беретін бейнелерге шүйілді. Оған себеп те бар еді.

  Әуезов Абай мектебі тақырыбын көркем туындыларына да арқау етті. Мүмкіндігінше, әрине! Негізгі идеясы − Абайды ақындар ұстазы дәрежесінде көрсеткен жазушының «Ақын аға» романы жарыққа шықпай жатып жөргегінде тұншықты. Кейіннен бұл туынды саясат талабымен түбегейлі өзгерістерге ұшырап, еріксіз бұрмаланып, «Абай жолының» екінші кітабы ретінде жарық көрді. Барға қанағат!

  Мұндай ақын - төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия - Абайдың өз балалары. Мұның екеуі де 1904 жылы - Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынасындағы шәкірттері. Абайдың аталық, ағалық ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін әрі оқушы, әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған.

М.Әуезов

«Абайдың ақындық айналасы» мақаласынан

М.Әуезов жұмыс үстінде

"Абай жолы" романынын колжазбасы

"Абай жолы" романының араб әрпіндегі автографы

Ұлы шығарманың екінші кітабы дүниеге келген күннен бастап романды жақтайтын және жөнсіз қаралайтын пікірлер айтылғаны белгілі. Әуезов өзі өте жоғары бағалаған Ғ.Мүсіреповтің «Абай романы туралы» деген сын мақаласынан бері қарайғы ғалымдардың, зерттеушілердің еңбектерінде Абай мектебі жайында сөз қозғалмайды. Ол − заңды да! «Абай жолының» екінші кітабында Абайдың ақын шәкірттері деген тіркес атымен жоқ. Орнына Әуезов «Абайдың жас достары», «Абай жанындағы өнерлі жастар» дегенді қолданып, тығырықтан шығады.

Әсілі, Абайдың ақындық құдіреті өз ортасына әсер етуімен өлшенбек. Осы ақындық кемелдіктің бір қырын, Абайдың ұстаздық қаракетін Әуезов өз дәрежесінде сомдай алмай кетті. Уақыт сомдатпады. Роман Абай шәкірттерінсіз (тарихи шындық тұрғысынан алғанда) дүниеге келді. Басқасын былай қойғанда Абайдың ең көрнекті ақын шәкірті, інісі Шәкәрімсіз ұлы ақын туралы роман жазу − жоқтан бар жасаумен тең еді. Шұбар – Шәкәрім − Дәрмен! Бұл үштік Әуезовтің саяси талапқа қарсы жасаған амалы еді. Көзі қырағы оқырман Дәрменнен Шәкәрімді тапты. Ал, саяси танымның қажеттілігі үшін Шұбардың прототипі − Шәкәрім. Өмірде Құнанбай туыстарының ішінде Шұбар деген адамның болғаны да рас. Абай елінің шежіресі Б.Исабаевтың айтуынша: «Өскенбайдың ор тоқалы Таңшолпаннан Шұбар, Елеусіз, Тілеуберді туады». Әйтсе де, Әуезовтің сомдағаны бұл Шұбар емес. Эпопеядағы Шұбар бейнесі, тағы да қайталаймыз, Әуезовтің айла тәсілі.

Ақын Абайдың интернационал, революционер Абай іздеген заманда Әуезов Шәкәрім бейнесін бүркемелеп болса да беруге жан салғаны шығармаға терең үңілген адамға бірден байқалады.

Дәрмен образы − Әуезов романда айта алмай кеткен Абайдың ақын шәкірттерінің жиынтық бейнесі. Ғалым М.Базарбаев Дәрмен образына тоқтала келіп: «...Романның соңында Дәрмен Абай зиратының басына келіп: «Өле-өлгенше асыл сөздеріңді сақтармын, ата, тәрбиеңді ақтармын, ағажан», - деп берген антында да көп мағына, терең астар бар», - деген пікірі сұңғыла жазушының негізгі ой астарын дөп басқан.

Романда Абайдың ақындық мектебі туралы сөз жоқ, бірақ шығармаға діттеп үңілсеңіз, ақындық мектеп идеясы бар. Қалай десек те, ұлы жазушының қиыннан қиыстыра білер шеберлігі саяси сынның уысынан шығып кете білді.

Жалпы жас шағында М.Әуезов Шәкәрімнен көп ақыл-кеңес алып тұрған.

Ахат ақсақалдың естелігіне үңілсек былай дейді: «Әкей жалпы жастарды, оның ішінде оқыған жастарды жақсы көретін... Өзім толық (есімді) білетін кезде Мұхтар Әуезов, Даниял Ысқақов сияқты оқыған жастар келіп, бірнеше күн жатып, әкеймен әңгімелесетін. Сонда Мұхтардың көп сұрайтыны шығыстық ақын-жазушылары болатын... Мұхтар әкеймен жиі әңгімелесетін.

Сонда, Мұхтар мен арқылы әкейге хат жазып, керекті сұрақтарына жазба түрде жауап алып тұратын. Кейінде Мұхтар марқұм айтатын: «Сол кезде шығыс әдебиеттеріне Шәкәрімдей жүйрік адам көргем жоқ. Шығыс әдебиетіне берілуіме себеп болған ұстазым Шәкәрім!» - дейтін. «Шәкәрім және М.Әуезов» деген әлі теңі шешіле қоймаған тың тақырыпқа жетелейді бұл жолдар. Демек, Ә.Тәжібаевтың: «Шәкәрімнің өмірі мен мұрасы ғылыми негізде зерттеуге классик жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің жазғандары бағыт берері хақ. Оның ғылыми еңбектеріндегі Шәкәрім туралы айтқандарын жүйелеу қажет», - деп кезінде айтқан пікірі әлі күн тәртібінен түскен жоқ.

Б.Ердембеков. 

«АБАЙ МЕН ШӘКӘРІМ - РУХАНИ ТУЫСТЫҚ» мақаласынан