Шәкәрімтану

 

ҚАЛҚАМАН – МАМЫР (ШӘКӘРІМ)

       Бұл кітап 1912 жылы басылған. 1914 жылдан бері иғланы «Қазақта» басылып, оқушыларға бөлінді. Мұны шығарған «Қазақ пен хандар» шежіресін жазған Шәкәрім. Шәкәрім Абайдың ағасы Құдайберді баласы. Абай барда таласып ақындық қылып, жарыққа шықпай, көлеңкеде жүре берген. 1900 жылы Шыңғыс елін жазған Иван Флипович Гусев Шәкәріммен сөйлескен. Маған сонда айтты: «Жұрттың бәрінің аузына алғаны Абай. Шәкәрімнің білімі де қазақта жоқ екен» деді. Гусев Шәкәрімнің тамырын тауып ұстаса керек. Осы 2-3 жыл ішінде Шәкәрім «Мұсылманшылық», «Қазақ айнасы», «Қазақ һәм хандар шежіресі», «Жолсыз жаза» һәм «Қалқаман – Мамыр» кітаптарын шығарды.

Әлихан БӨКЕЙХАН

 

ТҮРІК, ҚЫРҒЫЗ, ҚАЗАҚ ҺӘМ ХАНДАР ШЕЖІРЕСІ

Оқшау сөз

      Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шаһкәрімнің бұл кітабы – қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі, Шаһкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа. Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шаһкәрім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес.

      Шаһкәрім жазады : «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым; ол оқып көрген кітаптардағы сөзді түгел жаза алмасам да, керектісін теріп алып, оған тура келген қазақтың ескі сөздерін қосып, жаздым», - дейді. (3-бет).

Бір алла бергеніңе сансыз шүкір,

Қалған жоқ зая болып қалған фікір,

Бітірдім түрік-қазақ шежіресін,

Болса да кемшілікті, қисық, бүкір. (109-бет)

      Шаһкәрім өзі бүкір дегенмен, шежіресі – бала оқытқан молланың қолында болатын кітап. Түркі халқы әр рудан қосылып, әр түрлі атпен аталған. Нәсілі бір болмаса да, екі түрік ағайын болғысы келсе , бір жерін қанатып, қандарын сүтке яки қымызға қосып, бөліп ішеді де, «қаны қосылған қазандас болдық» дейді. Оны «анда» дейді, біздің қазақтың: «құда-анда» дегендегі андасы осы сөз».

Әлихан БӨКЕЙХАН

Тағы жүрген көшпелі ел ішінде,

Тәрбиесіз, үлгісіз жер ішінде.

Бөкейханов айтқандай қиын жұмыс,

Адамның шыға қоюы сол пішінде.

                                       

Демеңіз тымақ киген жәй бір қазақ,

Киген киім, жүрісі, түріне қарап,

Надандар оны өлшейтін өлшеуің жоқ,

Аулақ жүр, біле алмайсың жай шамалап!

 

Жастырдың үміті көп өліде болса,

Тым қартайып тұрған жоқ әлі де онша.

Теңдік күні туды ғой, бөгет кетіп,

Дегендерге жүреді заман оңса.

 

Құр батаншы бас жейтін кәрің емес,

Әлі де одан табылады талай кеңес.

Адамның адамдықтың берген жемісін,

Жейтін адам бар басқа, иттер емес.

 

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Құдайберді баласы Шәкәрім,

Көп оқуы болмаса да  туысы кәміл.

Жазған шежіре, жайған үлгі арқасында,

Ертеден бұл алашқа аты мәлім.

 

Ерте оянған кісінің біреуі осы,

Бұл жұрттың түзеймін дер антұрғанын.

Бір жолмен Байтұрсынов, Бөкейханға,

Ақсақал бола алғандай осы кәрің.

 

Байыпты, философтың табиғаты бар,

Көрсеңде ол тұқымның ең жаманын.

Бұл қазақтан мақсұты биік алыс,

Таппаса да сөзіне құлақ алыс.

Қазақ деп жекелеме адамзат де,

Ол кісінің пікірімен болсаң таныс.

 

Тағы жүрген көшпелі ел ішінде,

Тәрбиесіз, үлгісіз жер ішінде.

Бөкейханов айтқандай қиын жұмыс,

Адамның шыға қоюы сол пішінде.

Шәкәрім

Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да, ішкі мағынасымен еліктеген кісі - Шәкәрім. Мінді, кемшілікті айтқанда жерлеп, кекеп, шенеп, оңдырмайтын Шәкәрім өлеңінде шанышпа ащылық бар. 

 

Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ

Мұхтар ӘУЕЗОВ

  Өлгеніне бірнеше жыл болған Құнанбай мырза менен Абай марқұмды жұрттың жадына қадірлі ақсақал ШаҺкәрім мырза Құдайберді баласы да түсіреді. Бұл адамның жазған кітаптарын қолға алып қарай бастағанда, бұл кітап жазушы ақсақалдың үлкен әкесі  марқұм  хажы Құнанбай қандай болғанда, ағасы Абай мырза қандай болған деп ойға алынады.

  Хақиқат бұл күнде хажы Құнанбай марқұм менен Абай марқұмның мың тарафтан құрмет қылынарлық хақылары бар.

  Бұл күнде ұлтына қаламменен қызмет қылып жатқан аса қадірлі ақсақал, хажы Шаһкәрім жарықтық: күміс ер-тоқым, күміс белдік, жуан бос құрсаққа мас болып, хажы деген сөзге төбесі көкке жеткендей болып жүрген хажыларымызға үлкен-ақ үлгі боларлық адам. Алла Тағала Шаһкәрім хажы сияқты ақсақалдарымыздың ғұмырына берекет беріп, оқыған жастарымызға Шаһкәрім хажыдай болуға нәсіп етсін.

Сабыржан Ғаббасов

  Шәкәрімнің қайталанбас өзіндік ақындық тұлғасын танытатын сипат-қасиеттер лирикасына тән нақыл насихатшылдық, фәлсапашылдық, поэмаларындағы дастаншылдық дәстүр, шығыс ақындарының көркемдік үлгі-өрнектерін қызықтауы, орыс әдебиетінің сюжеттеріне бой ұруы да, шежірешілдігі – бәрі өз заманының тілек-талаптарына сәйкес қалыптасқан. Шәкәрімнің ақындық әлемі бай, көп қырлы, тақырыбы, жанрлық түрлері жағынан да сан алуан. Ақынның «Еңлік - Кебек», «Қалқаман – Мамыр» сияқты дастандарынан халық өмірін терең білетін, сан ғасырлық халық поэзиясының, сөз өнерінің бай дәстүрлерін, бейнелеу тәсілдерін еркін игергені айқын аңғарсақ, фәлсапалық лирикасынан өте күрделі философиялық ойлар әсерлі жеткізудегі ақындық шеберлігін, жаңашылдығын сезініп, тәнті боламыз. Шәкәрімнің ақындық жаңашылдығы тыңнан қосқан өлен өлшем-өрнектерінен, өлендеріне шығарған әндерінен, үздік композиторлық дарынынан да анық танылады.

Зәки Ахметов

ШӘКӘРІМДІ ТАНУҒА ҰМТЫЛЫС

...Ұлы ақыннан қалған ұланғайыр мұраны зерттеу XX ғасырдың 20-30 жылдарында, оның көзі тірісінде басталды. Бірақ уақыт салған салмақ, қоршаған ортадағы зобалаң жүйелі зерттеуге мұрсат бермеді. Ақын шығармаларын жинақтау, біртіндеп басып шығару ісі тоқсаныншы жылдары жандана түскендігі оқырманға аян.

Қаламгердің 1988 жылы шыққан екі кітабы әдебиет тарихына қосылған қомақты үлес. Дей тұрсақ та, Ш.Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығын тыңғылықты зерттеу болашақтың ісі екендігі дау туғыза қоймас. Демек, атқарар іс алда. Айттым болды, бар іс тынды деген тоғышарлық пиғылдан бір аллам сақтасын.

Жалпы, шәкәрімтану бір ізге түсіп, ғылымның тұтас саласына айналуда. Төмендегі кітаптарын оқырман қуанышпен қабылдады:

 

Алдымен философтар жол салды:

  1. Кусакпаева Р. Проблема нравственности и нравственного самосовершенствования в творчестве Шакарима. – А., 1994 (канд. дисс.)
  2. Амребаев А. Мировоззрение Ш.Кудайбердыулы в культурно-историческом контексте. – А.: 1994 (канд. дисс.)

Әдебиетшілер де өз сөздерін айтты:

  1. Тілеуханова А. Шәкәрім шығармаларындағы шеберлік пен таным бірлігі. – А., 1995 (канд. дисс.)
  2. Аюпова Г. Эпическое наследие Ш. Кудайбердиева в свете казахских литературных связей и традиций. – А., 1997 (канд. дисс.)
  3. Ахметова Ж. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі фольклорлық дәстүр. – А., 1999 (канд. дисс.)
  4. Үсенова А. Шәкәрім өлеңдерінің құрылысы. – А., 1999 (канд. дисс.)
  5. Ізтілеуова С. Шәкәрім Поэзиясындағы тұлға мәселесі. – А., 2000 (канд. дисс)
  6. Сейсекенова А. Шәкәрім және Гете. – Астана, 2004 (канд. дисс)

Бейбіт Мамыраев, Зинол Бисенғали, Уәлихан Қалижан, Күлпаш Бейбітова, т.б. докторлық диссертацияларында әр деңгейде Шәкәрім шығармашылығы сөз етілді.

Арнайы докторлық диссертация көлемінде Б.Әбдіғазиұлы «Шәкәрім шығармаларының дәстүрлік және көркемдік негіздері» тақырыбында көңілге қонымды зерттеу ұсынды. Яғни, шәкәрімтану ісі зерттеу аясынан тыс қалған жоқ. Ал тынбаған іс тіпті де көп.

Арап ЕСПЕНБЕТОВ

филология ғылымдарының докторы, профессор

  1. Шәкәрім. Жолсыз жаза. -А.: Жалын, 1988. Құрастырып, алғы сөзін жазған М.Мағауин.
  2. Шәкәрім. Шығармалары. -А.: Жазушы, 1988. Құрастырғандар Ә.Тәжібаев, Ш.Сәтбаева.
  3. Шәкәрім. Аманат. Әндер. -А.: Өнер, 1989. Құрастырған Т.Бекхожина.
  4. Шәкәрім. Иманым. -А.: Арыс, 2000. Құрастырған Б.Байғалиев.

  Көптеген мақалалар жазылды, пікірлер айтылды. Бірін-бірі қайталай тілімізді безегенімізбен көп шаруа тындырдық десек тоқмейілсімеуімізге болады. Мүлдем зерттелмей жатыр десек барды бағалай алмағандағымыз. Бірнеше кітаптар жарық көрді, диссертациялар қорғалды.

Халықаралық Түркі академиясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың түрік тілінде жарық көрген «Şakarim» (Шәкәрім) атты кітабының тұсаукесері өтті. Оған Қазақстан мен Түркияның ғалымдары, зиялылары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Танымдық-ғұмырбаяндық жанрдағы аталмыш кітап Анкара қаласындағы  «Bengu» (Мәңгі) баспасынан шыққан.  

Еуразия жазушылар одағының қолдауымен жарық көрген еңбек Шәкәрімді түрік оқырмандарымен қауыштырып отырған тұңғыш кітап. Көптеген ғалымдар Түріктің әйгілі ақыны Юнус Эмре мен Шәкәрім поэзиясында бірқатар сабақтастықтардың бар екенін айтады. Яғни, бұл кітап түрік оқырмандары үшін де маңызы жоғары рухани дүниелердің біріне айналары сөзсіз.

Кітапта автор Шәкәрім Құдайбердіұлының ғұмыры мен қазақ руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегін жаңаша саралап, көптеген көмескі деректерді айқындай түскен.

Тұсаукесер рәсімінде  былтыр Түркі әлемінің мәдени астанасы болған Ескішеһирдің әкімі, Ескішеһир 2013 Түркі дүниесінің мәдени астанасы Агенттігінің  Басқару Кеңесінің Төрағасы Гүнгөр Азим Туна туыс екі ел басшыларының бауырластыққа негізделген саясаты ынтымақтастықты тіптен нығайта түскеніне тоқталып, «рухани салада мұндай салиқалы дүниенің түрікшеге аударылуы ауыз толтырып айтарлық зор жетістік» деп бағалады. Сонымен қатар ол Ескишехир қаласының мұндай игі істерді жалғастыра беретінін атап өтті. 

Еңбек қазірдің өзінде Түркия Республикасының бірқатар қаламгерлері тарапынан жоғары бағаланып, үлкен  қызығушылыққа ие болыпты. Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы барша түрік оқырмандарына кітапты оқып шығуға кеңес беретінін айтты. Ол «Шәкәрім» кітабынан қазақ зиялылары, Алаш арыстары мен олардың арпалысқа толы кезеңдері жайлы толымды мәліметтер алып, соны деректерге қанық болған. «Түбі бір елдердің мәдени байланыстарын тереңдетуде өз үлесін қосып отырған Халықаралық Түркі академиясы түркі әлемінің жарқын келешегі үшін көптеген игі істер атқарады деп сенемін», — деді Якуп Өмероғлы.

Өз кезегінде Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, профессор Ғарифолла Есім сынды белгілі тұлғалар өз дәуірінің озық ойшылы Шәкәрімді тануға түрік тілін білетін жүз миллиондаған адамға жол ашылғанына ерекше тоқталды.

Абай-ақпарат

Мақала  http://abai.kz/post/39936  сайтынан алынды.

 

ДӘСТҮРЛІ «МҰТЫЛҒАННЫҢ ТАҒДЫРЫ»

АТТЫ БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ

 

31 қаңтар күні  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде кемеңгер ақын, ғұлама ойшыл, сазгер, озық аудармашы, қоғам қайраткері Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Мұтылғанның тағдыры» атты аймақтық білім сайысы өтті.

Дәстүрге айналған аталмыш сайысты өткізудегі басты мақсат – Абайдың ақын шәкірті, жазушы, тарихшы, аудармашы, философ, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірін, оның мұрасын жасөспірімдер арасында терең білуге ынталандыру және кеңінен насихаттау.

Сайысқа Семей қаласы және қала маңы мектептерінің оқушылары қатысты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сайыс үш бөлімнен тұрды:

1. Үй тапсырмасы.

2. Шәкәрім өлеңдерін жатқа оқу.

3. Сұрақтарға жауап беру.

Қазылар алқасының құрамында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева, Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Бекқасымов, қалалық білім бөлімінің әдіскері Н.Байсарина, Т.Аманов атындағы №16 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Құнафина, Абай қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері Қ.Сабырбай болды.

Сайыс қорытындысы бойынша І-орынды №22 мектеп-лицейінің оқушысы Ә.Қуанышева, ІІ-орынды №11 мектептің оқушысы А.Маликова және Приречное мектебінің оқушысы А.Рахимбекова,  ІІІ-орынды Пригород мектебінің оқушысы Т.Еженхан, №47 мектептің оқушысы Н.Айтышева және  Знаменка мектебінің оқушысы А.Тұрдығұлова иеленді.

Жеңімпаздар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

Н.Боранбаев,

Абай қорық-музейінің ғылыми қызметкері