Шәкәрімнің қоғамдық қызметі

Қара қазақ

Семейдің сьезінде байқадық қой,

Екенін қарт кемеңгер әм терең ой.

Оқығандар болмаса жай қазақтан,

Онан басқа кім шықты көрсетіп бой.

 

 

 «Болыс, әкімшілікке құмар болдыңыз ба?» -деген сұраққа әкей былай деп жауап беретін: «Құмар болғам жоқ. Абай маған: «Әкімшілік қолында болған адам елді жемей, қиянат қылмай, партия, дау-жанжалға кіріспей отыр алмайды. Кіріскен адам ардан айырылады, білім қуудан қалады», - деп құлағыма құя беретін. Сондықтан, болыстыққа құмар болмадым».

Ахат естелігінен

1911 жылы Сыбанның Салпы деген табында қырғын талас болып, кісі өліп, сайлау болмай қояды. Сондықтан жоғарғы орын мені назначениямен сол елге сыртымнан болыс сайлады. Мен: «Сырқатпын, болыс болмаймын!» – деп оязға бардым. Ояз: «Сен ол елді жайғайды деп жіберіп отырмыз. Егер бітірсең босайсың» – деді. Мен жазғытұры Сыбан еліне барып, таласқан екі жақты бітістіруге бар күшімді салдым. Ақыры сәті келіп, татуластырып, бітістік деп ел атынан оязға рапорт түсіртіп, екі жақтың қалаған бір кісісін болыс сайлатып, сол күзде босап қайттым. Содан кейін болыс болғам жоқ!» – дейтін. «Мені болыстық, әкімшілікке құмар қылмай, одан құтқарған Абай!» – дейтін.

«Болыс болдыңыз ғой?» – дегенде, «Екі рет өзіміздің Шыңғысқа, алты айдай Сыбанға болыс болдым. Шыңғысқа болыс болып қалуымның себебі: Қазақтың жуандары болыстыққа таласпай тұрмайды. Екі жуан елді бөліп алып, қай шары көбі болыс болады. Біздің елде осындай екі партия болған. Ол кезде Шыңғыста отыздың ішінде елу басы болған. Біздің Олжай қақ жарылса: бес старшын – Сақ-Тоғалақ екі старшын – Әнет-Бәкең. Бұларда жеті тас – жеті, елу басы бар. Бұлардың көпшілігі нашар, кедей таптар. Бұлар бұрын әкемнің жолдастары, тату достары болған, момын елдер. Ұжымды, берекелі ел болған. Олжай бөлінгенде бұлар тұтас отырып, қай жағына шарын салса, сол жағынан болыс сайланатын.

Түзелер деп қазағым,
Николай құлап, өлген соң,
Тағы да тарттым азабын,
Алпысқа жасым келген соң.
Құлдықтан қазақ босады,
Білмеймін, қайдан тосады.
Күн шыққанға ұсады,
Бостандық сәуле берген соң.
Оқыған жастың етегін,
Қабыл алдым жетегін,
Босқа жатып нетемін,
Бостандық туын көрген соң.
«Орыс қой енді атамыз,
Жақсылық сонан татамыз,
Қалайша қарап жатамыз»,-
Деп қуанып желген соң.
Балшебек пен меншебек
Партия қылды әр бөлек,
Айтып-айтпай не керек,
Орысты екі бөлген соң.

Әкеміз орыс десек те,
Келмеді бұл іс есепке.
Қайтадан жаттым төсекке,
Сенімді үміт сөнген соң,
Семейді ақтар меңгеріп,
Қазаққа соттық жол беріп,
Сыртымнан сайлап жөн көріп,
Шақырып хабар берген соң.

Ақтар кетіп қалғанын,
Семейді қызыл алғанын,
Жолшыбай естіп барғамын,
Әділет іздеп төнген соң.
Мен ұлтшыл емеспін,
«Жақыным - мынау» демеспін,
Ашылсын анық көмескім,
Айтайын кезі келген соң.

Руссия болса анасы,
Қазақ-жап-жас баласы,
Жетілсін, келсе шамасы,
Арқалауға көнген соң.
Тыңдасын мұны орыстар,
Старшын, сот пен болыстар.
Ылғи саулық не болар,
Ер жетпеген төлден соң.
Бұл надан ел десек те,
Ұқсатпалық есекке.
Келмесе, сірә, есепке,
Цифры болмай нөлден соң.
Мақсатқа қайта барайын,
Көргенімді айтып қарайын:
Қызыл кетіп, аздан соң
Ақ алды Семей маңайын.
Оған тағы құл болдық,
Сатылған мал мен пұл болдық,
Әркімге тиген тұл болдық,
Шындықты қайдан табайын.

Басыма келген әр жұмыс,
Толқында жүріп көрген түс,
Бұ топта кез келген іс
Ойымды деді қамайын.
Айтуға оны саспайын,
Жараны тырнап ашпайын,
Көмескі күйде тастайын,
Көрсетпей таздың самайын.

Партия - соры көп елдің,
Айта алмай соны бөгелдім,
Соттықты тастап жөнелдім,
Дедім де: «Етек жабайын».

Біреуге кессең абақты,
Ақ соты оны алмапты,
Бізде кәдір қалмапты,
Байқасам ақтың рабайын.
Жаздай жаттым үйімде,
Келмеді рахат, күйім де,
Жүрегім қайғы түйінде,
Онымды кімге шағайын.
Күздікүн тағы шақырды,
«Семейге кел», - деп ақырды,
«Кешем, - деп, - қашқан қапыңды»,
Бармасам деп тұр қабайын.

Барсам - Әлихан Омбыда,
Мұқаметжан тұр орнына.
Сұр жауын қазақ сорлыға,
Деп тұр екен жауайын.
Семейге сөйтіп барғанбыз,
Жүректі қанға малғанбыз,
Ұялмай сот боп отырдық,
Құр атаққа нанғанбыз.

Бұрынғы орыс тергеген,
Біздің сотқа бермеген,
Қазақы жұмыс көп екен,
Қызылдан сұрап алғанбыз.
Ақ соты сұрап сол істі,
Тез қайтар деп жұмысты,
Тарылтқан екен тынысты,
Тырысып бермей қалғанбыз.
Екінші бұйрық келгенде,
«Еріксіз алам» дегенде,
Құмар болдым өлгенге,
Қорлықты көрмей армансыз.

Тағы да мұның үстіне,
Бір ауыр іс түсті де,
Ордамыз у ішті де,
Партия шықты жалғансыз.
Болды десең кім үшін -
Белгібайдың қызы үшін,
Мұғалімнің жүзі үшін,
Көбіңіз естіп қанғансыз.
Алашорда бір бөлек,
Қауымның ойы өзгерек,
Аз нәрсені қылып кек,
Таза ақылдан танғансыз.
«Іш ауруы тиді», - деп,
«Жүрегім жанып күйді», - деп,
«Сағындым тағы үйді», - деп,
Айтқаныма нанғансыз.
Мысалдап дертімді айтқамын,
Үміт үзіп қайтқамын,
Үйіме тура тартқамын,
Онымды білмей қалғансыз.
Сол кеткеннен кетіп ем,
Ауылға келіп жетіп ем,
Аз ғана күн кідірмей,
Елсізге қарай өтіп ем.
Үмітпен алдап сүйретіп,
Сүйегімді күйретіп,
Тағылыққа үйретіп,
Тағдыр-ау, саған нетіп ем?
Әр тасты бір сүздірдің,
Мұз дарияға жүздірдің,
Нұрдан үміт үздірдің,
Қажымасқа-ақ бекіп ем.

Мұтылғанның өмірі

ҰЛТШЫЛДЫҚ ТУРАЛЫ

 

«Абай» журналының екінші нөмірінде жарияланған ардақты Мәнен бауырымыздың «Ұлтшылдық» деген мақаласына бір ауыз сөз айтқымыз келеді.

Менің ұғуымша, ол кісі: «Ұлтшылдық мәдениет, мәдениеттен адамшылық туады» дейді. Бұған дәлел керек қой?! Көріп отырмыз, ұлтшылдық пен мәдениеттің ең жоғарғы басқышындағы Европа, олар адамшылық қылып отыр ма? Менің ойымша әлі күнге шейін, асса ұлт, қалса өзімшілдікпен оза алған жоқ. Себеп не? Ұлтшылдық мәдениетті туғызса да, ақ жүрек туғыза алмайды; ақ жүрек дегеніміз «Ұждан» (Әмма жанға махаббат, шапағат, ғаділет), қазақша тәмәм адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып, әділет күту. Осы айтылғандай, ақ жүрек көбеймей тұрып, адамшылық жеңе алмайды. Ұлтының кемшілігін толтыру, артықты өзгелерге зиянсыз жолмен табу ақ жүрек (ұждан) ісі. Оны істеп отырған кім бар?

Және Мәнен бауырымыз: «Партиялардың бәрінің көздеген мақсаты дұрыс» дейді. Қата қылса да, енді дұрыс демесе, ақихат біреу-ақ емес пе? Менің ойымша, осы ХХ ғасырдың өнер елдерінің білімі қылған ісінен, біле тұра нәпсісіне құлдығы зор сықылды. Қорытқанда «ақ жүрек» қайтсек табылады? Қайткенде соны таба аламыз? Бар мақсат енді сонда болу керек қой. Қайса Ғамның: «Пәлендей ісі қылмасаң, пәлендей істен тиылмасаң, аспан патшалығына жете алмайсың» - дегені әммаға бірдей ақ жүрек қой...

 

Шәкәрім Құдайбердіұлы

«Абай» журналы, № 3,

1918 жыл

ЗАМЕСТВО ТУРАЛЫ

 

Барша алаштың көзі ашық азаматтары! Мына алдарыңыздағы замество сайлауында һәм округтен (бірнеше болыс қосылып сайлау қылатын ауданнан) уездный, областной замествоға 5 – 6  гласный, яғни бір уезд, яки бір облыс елдің барлық шаруасын басқарып тұрушылар сайланбақ. Бұлардың атқаратын қызметімен қысқаша таныстырып, сол қызмет қолынан келерлік һәм қолы тиіп тұрарлық адамдарды сайлауларыңызды мақұл көреміз.

Жоғарғы айтылған бірнеше аудандардан 5-6-дан сайланған гласныйлар жиылып, ір уезд елден ылғи іс басында тұратын 6-7 кісіні орталарынан, яки сырттан управа қып сайлайды. Гласныйлардың қалған қауымы айында 4-5 рет уездный замество махкамасына жиылып тұрады: кейбір жұмыстардың орайы келіп қалғанда 7 – 8 ретте жиылады.

Бұл гласныйлардың жалпы жиылысында управаға сайланған адамдардың істеген ісін тексеріп, істерінің қолайсызын тапса, түзетіп, тіпті жамандығы шықса, яки басқаруға қарамайтындай болса, орнынан түсіріледі. Екінші, алдындағы істемек істеріне жоба салады.

Бұл гласныйлар бір уезд елдің һәм таптың жан хисабына қарай болады. Семей облысындағы уездердің қай-қайсысында боса да, қазақ көп болған соң, қазақтың гласныйлары да һәм управаға кіргізетін адамдар да көп болмақ. Яғни Семейден 48 гласный сайланғанда – 12 гласный орыстан, 36 гласный қазақтан болмақ. Басқа уездердегі гласныйлар да осылай, халқының шамасына қарай болмақ.

Жоғарыда айттық, гласный сайларда әуелі біліміне қарай, екінші, жиылып тұрарлық қолайлы тұрмысына қарай сайлау керек деп. Себебі: бұл болашақ замествоның гласныйлары – бұрынғы өткен болыс немесе мына болып тұрған комитет сықылды кісі аузына қарап отыратын жалтаңкөздер емес, халықтық тұрмысына қарай шаруасын өзі басқарып, ел еркін қолына түгел алып, елді ел қылатын орынның алды. Осы управаға кірген қазақ қазақты білсе де, істі білмесе, орыстар кіргендер қазақ жайын білмейді. Сөйтіп, өңкей «білместен» еліңе берекелі не шықпақ?

Екінші, гласныйлардың жалпы жиылысына закон бойынша үштің екісі жиналмақ; егер алғашқы шақырғанда қырдан сайланған гласныйлар келмесе, екінші тағы шақырылмақ, онда да келмесе, қаланың жиылған аз гласныйлары-ақ істі жүргізе бермек. Бұлай болған соң алыстағы адамның шаруасын тастап, айына неше мәрте жиылып тұра алмайтындығы белгілі. Сондықтан қай ел болса да оқыған, адал, халыққа пайдалы, іс басқаруға жарайтын адамын сайласын. Егер мұндай адамы жоқ елдер алаштың ұлын жатсынбай, қаласында басқа ата, басқа дуанның оқығаны болса, соны сайласын. Әйтпесе «Келінді күте білмеген күң етеді, жібекті түте білмеген жүн етеді» деген мақалға ұшырап, тілеген тілек, еткен үміт далаға кетер.

«Сарыарқа».

1918. 14 қыркүйек. №13

 

ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ СЪЕЗІ

 

Өткен июль жұлдызының 21-іне басталып, Орынборда барша он облыс қазақтың съезі болып, 26-сында тарқады. Бұл съезд барша қазақ боп бас қосқан алаш ұлына зарын өткізген, сағынтып, көз еркімізден кеңес еді.

Біз алаш болып, ақыл біріктіріп, іс қылмақ түгіл, азып-тозып, бір ауыл ақылымызды бір жерге қосудан да қалған ел едік һәм ескі хүкімет кезінде бас қосу еркімізден де шығып кетіп едік.

Биыл жалпы жұрт оянып, ар-ұяты үшін қанша жанды құрбан етіп талпынғанда, біздің де тым болмаса «өзіме жоқ көтенді не қыламын» деп, барша алаш берекесін бұзбай, сұм нәпсімізді кұрбан қылуымыз жөн. Алаштың алғашқы күнәсіз сәби табындағы бар ыстық махаббатымен кеңесіп байлаған қаулысын бұзсақ, біз қайтып алаш атын атауымыз да ұят.

Алғашқы істен адамның жолы болса – талабы өспек; жолы болмай қалса – өшпек. Алаш тобы ауыл тобы сықылды күнде қосылып, күнде тарқай бермейді. Келісілген сөз кеңес аспай бұзыла берсе, алаштың ұлы қайтып бас қосқанмен мәнісі, маңызы болмас.

Қазақ боп бас қосқандағы мақсат – бет пен ниетті қазақ боп біріктірсек, саны бар, сапасы жоқ болмай, күшейіп көркейерміз дегендік. Ал, алаштың баласы! Сағынған топ қосылып, қорсаған сөз қорылып, тарқады. Әлдеқалай біреуге жақпай бұзылса, талпынған талап, күткен үміт далаға кетіп, таз қалпымызда қалып, алаш ұлының өркенінің обалына қалғаны да.

Енді айтылмаған сөз болмайды, сөздің іске айналуы мақсат. Айту, шешу бір адамға, яки бір топқа міндет болғанда, көрсеткен жобаны жүргізу – елге міндет. Енді қазақ облыстарындағы комитеттер бастап, елі қостап, осы қазақ тобы байлаған қаулылар тез іске айналуға тиіс.

Біздің халқында сүйекке сіңген еріншек, салақтық мінез бар, ойлаңыздар, ойланыңыздар! Бізден басқа мемлекеттегі еншілестеріңіз күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүр; елге еңбек қыламын деген ерлері қала басы қыдырып, халқын оятып, ұқтырып жүр. Біз баяғы әдетті тастамай, сен салар, мен саларға айналып, ерініп, тал түсте тұратын мінезден шықпасақ, аты бәйгеге ілінбеген асшыдай ерініміз кезеріп, салпиып қалып жүрерміз.

«Сарыарқа». 1917. 15 ақпан. №9

Партия қуған өңкей қырт,
Жазылмайтын ол қыл құрт.
Мен тартам ел қайғысын,
Әкімі — залым, биі — әңгірт.

Сұрқия тілін жалдайды,
Момын мен аңқауды алдайды.
Қанды қақпан бар құрған,
Түсірер болса қандайды,

Бар сырын білем қолма-қол,
Осынымды сезеді ол.
Айналама қазып ор,
Қалдырмай отыр маған жол.

Адамдық жоқ, онда сән,
Құриды жаны, шіріп тән,
Таусылмайды бұл өмір,
Орнына келер жаңа жан.

 

 

Көрмесе де көзімді,
Білмесе де өзімді,
Кейінгі жаңдар қабылдар
Айтылған түзу сөзімді.

Ойсызға сөзім жақпайды,
Арсыздар оны таптайды.
Мұраны асыл жоғалтпай,
Сан ғасыр тарих сақтайды.

Өртеген әкім, ғалымды,
Жер жүзіне мәлімді.
Кейінгі сынап сөздерін,
Алған сонан тәлімді.

Қиналған тәнім азапқа,
Жанған жаным дозаққа.
Әділ жандар алдында
Ақталып шықса, ғажап па?!

Шәкәрім

Ғылым отауынан сөз патшалығына дейін

Шәкәрім атағының шығуын 1903 жылы Орыс Императорлық географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семейдегі бөлімшесіне мүше болып қабылдануы да себеп болды...

1903 жылдың күзінде Шәкәрім Географиялық қоғамның Семей бөлімшесінің жүз үшінші мүшесі болып ресми түрде қабылданды, оқиғаның реті де, шын мәнінде осындай.

Орыс императорлық географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесінің мұрағат құжаттарында: «Семей уезінің Шыңғыстау болыстығының қазағы Шәкәрім Құдайбердин 1903 жылы қоғамға мүшелікке өтіп 1907 жылы одан шықты» – деген жазу бар.

       Географиялық қоғамның Семей бөлімшесінде ағайынды Белослюдовтар – Алексей, Виктор, Федор мен Николай сияқты ірі тұлғалар болды. Семейде өлкетану мен мұражай істерін дамытуға олардың еңбектері көп сіңді. Белослюдовтар Сібір қазақтарынан шыққан орташа ауқатты шенеуніктің отбасында дуниеге келген. Төрт ағайындының ішінде дарындылары этнограф, фольклортанушы Алексей Николаевич және суретші, өлкетанушы Виктор Николаевич болды. Мысалы, Алексей Белослюдов Ертіс жағалауындағы орыстар мен қазақтардың фольклорынан екі жүзден аса ертегі, токсан жеті жұмбақ жазып алған. Олар Шәкәріммен бірге қазақ фольклорын егжей-тегжейлі талдауға көп уақыттарын арнайтын.

Шәкәрімнің Географиялық қоғамға кіруінін тағы бір пайдасы ол ғылыми кітапхананы пайдалануға рұқсат алды. Қалада оған таныс қоғамдык кітапхана біреу ғана емес-тін. Екіншісі Семей облыстық санақ комитетінде орналастырылған-тын. Кітаптардың саны аз болғанмен, оның сөрелерінде ғылыми кітаптар мен журналдар жиналып тұратын. 

Ерлан Сыдықов

«Өнерлі, шебер, тіл- жақты,

Алады,- деп- бұл бақты»-

Еріксіз маған ел жапты

Болыстықтың тақымын.

Болыстық салды жаман ой:

«Ғылымды әзір қума, қой,

Ұлықтық деген үлкен той»,-

Деп осыған лоқыдым.

Бір   жылы,   қиян-кескі   партияда,   Олжай   екі   бөлініп, болыстыққа қырқысады. Болыс сайлауында жеті старшын екі бөлінген екі партияның екі жағына да шарын бермей отырып алады. Келген ояз шар түгел болмаған соң болысты сайлай алмай-ақ қояды. Ояз: «Бұлай болса, назначениямен басқа болыс   сайланады!» – дейді.   Ал,   жеті   старшынның   айтатыны:   «Бізге қарашығын, алым-салық ауыр түсетін болды, біз болған болыстан дұрыстық таппадық.  Бізге  адал,  қиянатсыз  кісі  керек.  Олай  болмаса,  жаттан-ақ сайлансын!» – дейді. Осы сайлауда Абай мені шақыртып алып, «Сен болыс боласың», – деді. Мен: «Болыс болмаймын, болыс болма деген»,– деді. Абай: «Кім саған болыс болма деді?» – дегенде мен: «Өзіңіз айтқансыз!» – дедім. «Оның рас! Бірақ осы жолы сен болыс болмасаң, басқа елден кісі әкеп сайлайды, болыстық кетеді!» – деп мені көндіріп, шарға салғанда болыс боп шықтым. Ешкімнен шабарманға ат, болысқа сойыс, не орынсыз шығын салғамын жоқ. Жоғары орынның тапсырған қызметін істеп жүрдім. Келесі сайлауда талас болып, мен тағы сайландым. Келесі сайлауда: «Қуған білімімнің қалғанын, болыстықтың жексұрындықтан басқа түк әпермейтінін айтып, енді болыс болмайтынымды айттым. Оспан болыс боламын дей беретін. Оспан ағам болсын, мен босайын!» – дедім. Абай келісті.

Оразбай Абайға қарсы. Осы сайлауда Оразбай жақтың шары көп болып, Күнту болыс болды. Сүйтіп, мен Шыңғысқа екі сайлау болыс болдым амалсыздан...

«Партия қуған өңкей қырт...»

Көрінді басшылыққа жарайтұғын,

Ұялмастан бір деп ақ санайтұғын.

Адамдық түзуліктен басқа жөнге.

Ақы берсең емес қой қарайтұғын.

Бұрынғы лас, сасық, кір заманда,

Аз табылар адамдығын сақтайтұғын.

Бас жұмыстың құлы деп ел ішінде,

Болсақ егер сақалдыны мақтайтұғын.

(Таныстыру)

С.Торайғыров

                  «Айқап»  журналының 1914 жылғы 4-санында Абай қайтыс болуының он жылдығына орай Семейде ұйымдастырылған кеш туралы есепте былай деленген: «Абай туғызған қазақ  даласы тағы да Абай секілді білікті, онан да артық данышпандар туғызар» дегенде, тыңдаушы қазақтардың жүйесі босап, көзіне жас алғандары да болды.

         Абайдың қадірі халыққа зор екен. Абайдың өлеңі оқылғанда, талай қазақтың көзінен жас мөлдіреді. Бұл кешті жасауға Нұрғали Құлжанов, Абайдың балалары Кәкітай мен Тұрағұл мырзаның өлеңге, білімге ыңғайы бар деп айтысады. ( Байғұс қазақ қам көңілді ғой ). Абай сықылды сұнқардың орны бос қалмас деп үміт етеміз. Қазақ шежіресінің негізін құрған, қазірде өлеңмен бірнеше кітаптар жазған ақсақал Шәкәрім қажы осы Абайдың інісі болады.

Ә.Тәжібаев

Ш.Сәтбаева