ОСЫ ОЙМЕН МЕККе БАРҒАМЫН
gallery/1622711
gallery/-8-638

  «Үш анық» - Шәкәрімнің еңбегі. Ойшыл бұл еңбегін жазу үшін отыз жылдан астам ғұмырын ізденіс жолында сарп еткен. «Үш анықтың» негізгі жүйесі: «Әлем белгілі бір себептердің күшімен жаралған ба әлде ол өз алдына дамып жойылып отыратын меңіреу табиғат жолымен жаралды ма? Жан – деген не?» -деген тәрізді философиялық сұрақтардың айналасында құрылған. Ойшыл бұл сұрақтарға аталмыш философиялық трактатында жауап іздеуге тырысады.

Ғ.Есім

 

  «Қадірлі Шәкәрім «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» терең оқып, ойлап және салыстырып барып, жазғанда өте жауапкершілікпен қарады. Осыған байланысты оны қазақтың «Карамзині» десем, артық айтпаған болармын. Түркілердің тарихымен танысқысы келгендер бұл кітапты оқымай кете алмайды. 

Жүсіпбек Аймауытов

«Қазақ» газеті,

1916 жыл, 9 ақпан. № 168

  «Ешқашан қазақтардың шыққан тегі жайлы қазақ тілінде кітап болып шыққан емес. Шәкәрімнің бұл кітабының пайдасы – қазақтардың шығу тегі бойынша өз аталарын білгісі келгендер осы кітаптан табады. Егер кімде-кім ата-бабаларының шежіресі жайлы жазғысы келсе алдымен Шәкәрімнің еңбегін оқып алуы қажет. Жақсы кітаптар жинақтау – қиын көшпелі далада Шәкәрімдей «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» сияқты еңбекті жазу қарапайым жұмыс емес».

Әлихан Бөкейхан.

         «Қазақ» газеті,

1913 жыл, 28 сәуір. № 12

  «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып жане әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым. Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы: «Тәбіри», «Тарих ғу-муми», «Тарих антшар аласлам», Нәжиб Ғасымбектің түрік тарихы, Әбілғазы Баһадүр ханның жазған «Шежіре түрік» және әр түрлі кітаптардан алынған сөздер, орысша кітаптан оқығаным – Радловтың ұйғыр туралы, Аристовтың түрік нәсілі туралы, дүниедегі әр түрлі жұрттың шежірелерінен орысшаға көшірген сөздері, оның ішінде түріктің ең ескі замандағы шежіре кітаптары «Құдатқу білік», «Кошочи-дам» деген кітаптардың сөздері және кытайдың Юән-шау-Ми-ши деген жазушысының сөзі және араб-парсы, рум-европа жазушыларының сөзі және казақтаң жаңылыс айтқан өтірік аталары –бәрі сол кітапта бар. Ол кітаптардағы сөздерді түгел жаза алмасам да, керектісін теріп алып, соған тура келген қазақтың ескі сөздерін қосып, бір шежіре жазамын. Ескіден қалған тиянақсыз ертегі сықылды ауыз сөз болмаса, мұнан бұрын біздің казақ тіліменен шежіре жазылған жоқ».

Шәкәрім

  «Мен, – дейді Шәкерім, – жайлауда Абай аулына бардым, үйде Абай тұрғылас ақсақалдар толып отыр екен. Мен сәлем беріп кіргенде Абай:«Кімді айтса, сол келеді дегендей, Шәкерім, келгенің жақсы болды. Мен мына ақсақалдарға айтып отыр едім. Мен етек басты болып, білім қуа алмай қалдым. Сол көксеген арманымды Шәкерім арқылы орындаймын деп, саған білім қуғызатын болдым! Адам қырық жасына дейін білім жинап, қырық жасында камил толады, ақыл-ойы, жігер-қайраты жетіледі. Енді үш жылда сен қырыққа толасың. Шығыс тіліне жетік болдың. Енді үш жылға дейін орыс тілін үйрене бер.

Кітап, ғылым, ой алмаққа

Маған жол болды сол жақта.

Жұмылдым Мекке бармаққа

Алаң боп іше алмай шай.

Параходта жүріп жолда.

Әл елде кез болып молда.

Он үш күн боп Стамболда,

Керек кітап табылғаны-ай!

Ақырет деген немене,

Шыққан жан қайта келе ме,

Кіре ме осы денеге,

Дәлелі қайсы сенгенде?...

Осы оймен Мекке барғамын,

Әр түрлі  кітап алғамын.

Ақылға сыймас жалғаның,

Алмадым сынай келгенде.

  Бар қаражатың менің мойнымда, сен осыған дайындал. Кәне, осыған келісесің бе?» – деді. Мен: «Барлық қаражат сізден болса, білім алуға бармайын. Бірақ, қай жерге барамын?» – дедім. Абай: «Афин-Грек білімі Стамболға жиналған, содан табылады. Араб білімі: Меккеде, бірақ, мені Меккеден гөрі Мединадан көбірек табылуы керек. Және Мысырдағы Александр атындағы кітапханаға барасың. Осы төрт жерге барып, тарихи орындарды аралап, керек кітаптарыңды алып, біліміңді толықтырып қайтасың. Сатып алатын кітаптарыңа, жол қаражатыңа жетерлік пұлды өзім берем. Осыған келіссең, қолыңды әкел – деп», қолын ұсынды. Мен: «Қаражат сізден екен, мен білім алады екем, барам», – деп, қолымды бердім. Абай қолымды алып кісілерге қарап, «Көрдіңдер ғой, Шәкерім уағдасын берді!» – деді. Отырған ақсақалдар: «Көрдік» –  десті. Осыдан соң, мен орыс тілін жете білуге бар ынтамды салып, еңбек етуге айналдым. Басқа жылдарымнан гөрі, осы жылдарым пайдалы жылдар болды. Өзім білетін шығыс тілдерін де тереңдей зерттеп, кемшілігін толықтырдым.

  «Мұсылмандық шарты» - Шәкәрімнің еңбегі. 1911 жылы Орынборда басылып шыққан. Шәкәрім ислам дінінің басты қағидаларын, иман, ғибраттарын қазақ тілінде халықққа түсінікті қылып жазып шығуды мақсат еткен. Алла тағаланың барлығына ақылмен ойлап иман келтіруге ерекше мән береді. Өз пікірін Құраннан, ғұламалардың пікірінен мысал келтіре отырып, дәлелдейді...

 «Мұсылмандық шарты» - 1993 жылы Алматыда «Қазақстан» баспасында қайта жарық көрді. Баспаға дайындаған және жауапты редакторлары: филология ғылымдарының докторы М.Мырзахметов, М.Қазбеков. Профессор М.Мырзахметов кіріспе мақала жазып, тарихи маңызын атап көрсеткен.

Шәкәрім. Энциклопедия. 560-561

 Шаһкәрім шежіресінің құрылысы. Кіріспесі «Шежіреден бұрын» деп аталған. Кіріспеден кейін «Шежіре басы» деп тақырып қойып, мұнда ол түрік тарихшысы Нәжіп Ғасамбектің, Әбілғазы Баһадүр ханның т.б. шығыс тарихшыларының еңбектеріне шолу жасап, талдайды (4-27 бет). «Қазақтың қайдан шыққаны» деген тарауында «түрік» сөзінің төркінін баяндаудан бастап, қазақтың шыққан тегінің тарихын, басынан кешкен дәуірін баяндап, 19 ғасырға дейін әкеліп: «Ақырында 1868-інші жылы жаңа закон шыққан соң, қазақ біржолата орыс законына қарады», – дейді (28-48 беттер).

Шежіре кітабының 49-бетінен үш жүздің және негізгі-негізгі рулардың (қаңлы, қыпшақ, керей, найман, уақ, төлеңгіт, тарақты, арғын) шежіресін қысқаша баяндай келіп, «Орта жүздегі арғынның рулары» деп аталған тақырып кеңірек баяндалады (63-75 беттер).

Түрік,қырғыз, һәм хандар шежіресі

Орынбор.1911

«Хан шежіресі» (73-80 бет), «Шыңғысхан шежіресі» (80-91 бет) баян етіліп, «Стамболдағы ғүсманлы түрік һәм сұлтандары», «Фарсыдағы һәм Закавказдағы түрік нәсілі» туралы жазылады. «Сарт», «Өзбек» атаулары жайын сөз ете келіп, «Ноғай» шежіресін кеңірек баяндайды. «Башқұрт», «Қалмақ һәм тілеуіт», «Түрікмен», «Якут», «Ұранқай» шежіресін сөз етеді. «Енесейдегі түрік», «Күншығыстағы түріктер» тарихын баяндап барып, «Түрік, қырғыз, қызық һәм хандар шежіресі» аяқталады. Шежіренің соңында: «Мақсұд», «Қазақ», «Насихат», «Тағы сорлы қазақ» және «Қош» деп аталатын бес өлеңі жарияланған.

Шаһкәрімнің әлі жарияланбаған «Қазақтың түп атасы» деген өлеңмен жазылған шежіресі де бар.

Абайтанушы ғалым, шәкәрімтанудың негізін қалаушы

Қайым Мұхамедханов

Шәкәрімнің «Үш анығы»

Шәкәрімнің творчестволық рухани жағынан қалыптасу жолы дала оқу орындарында оқып, даярланбаған қалпын танытады. Бірақ не болса да, өзі түртініп араб, парсы, шағатай, орыс тілін үйреніп, сол тілдерде жазылған рухани қазына көздерін тереңдей меңгеріп, шыншылдықпен ой қорытқан дала ойшылын көреміз.

Шәкәрімнің бүкіл рухани болмысындағы ақындық өнері мен ойшылдық танымы өзіндік сыры мол, айтылар пікірінің астарлы қабаттары оқырман атаулыға алдын ала даярлықсыз ашыла бермейтін сыр бүгіп жатқан ерекшелігі бар. «Үш анықтағы» таратылатын басты ойдың өзекті желісі де Абай мұрасындағы мораль философиясына орай кеңінен таратылатын жан құмары мәселесімен тікелей байланыста жатқан құбылыспен астасатындықтан, Абай

шығармаларындағы осы мәселенің не екенін жіті танып білген кісі ғана Шәкәрім ойына еркін бойлай алмақ. Мұның себебі... Абай марқұм болған соң, содан ғибрат алып: «Мен адамдықтың, адалдықтың жолын қуғаным жөн деп, басымды шытырман шатақтан ерте босатып алып, білім жолына түстім», -деп Шәкәрімнің өзі Абайдағы мораль философиясына ерте қадам басқанын атап көрсетуінде үлкен мән-мағына жатыр деп білмек керек.

Шәкәрімнің «Үш анығын» жазу жолында айтарлықтай алдын ала зор даярлықтан өткен. Шығыс пен Батыстың рухани қазына көздеріне бас қойғанда, ондағы идеалистік, материалистік бағыттағы еңбектерімен таныстығы мол болған себепті: ,

Пәнші дейді: - Қайда тәңір?

Дінші дейді: - Менде тұр...

Пәнші ғалым/-  М. М./нанды бес сезімге,

Дінші теолог - М. М./адасты жолынан,-

деген сыншыл ой қорытындысы ретінде берілген дүниетаным көп нәрсенің астарлы сырын да аңғартады емес пе? Осы арқылы Шәкәрім, біріншіден, затшылдық ғылым жолындағы таныммен, екіншіден, дін жолындағы теологтардың дүниетанымы бірінші, екінші деп көрсетіді де:

Іздедім, таптым, анығын

Тастадым екі танығын,-

деп өзі ғұмыр бойы шарқ ұрып ізденіп тапқан жолы үшінші анықты ұсынады. Ол үшінші анығы – Абайда кеңінен сөз болған мораль философиясындағы жан құмарына барып, ұштасатын ұждан туралы күрделі проблеманы көтерді. Мұнысы Шәкәрімнің ұзақ жылдарға созылған ғылыми-творчестволық ізденіс үстінде келіп туған ой қорытындысы ретінде берілетін негізгі тезисі:

Еңбекпенен, өрнекпенен,

Өнер ойға толықса.

Жайнар көңіл, қайнар өмір,

Ар ілімі оқылса, -

деп тұжырымдалған танымда жатыр. Яғни, Шәкәрімнің «Үш анығы» мақсат, ар түзейтін бір ғылымдытабу болғандықтан, өмір бойы осы жолда ізденген.

Осы ар ілімі саласында тікелей немесе жанама түрде жазылған Батыс, Шығыс тілдерінде жазлыған еңбектердегі мораль философиясы жайлы ойлар тарихын сыншыл көзбен екшей келіп тапқаны:

Отыз жылдай жиғаным

Сау ақыл – менің иманым.

Аламын соған сиғанын,-

деп өзіндік жан сырын Абайдағы нұрлы ақыл ұғымымен сабақтастыра қарайтыны бар. Яғни, Шәкәрім «Үш анық» деп аталатын философиялық трактаттарын жазуға даярлықты 1898 жылдан бастап кірісіп, отыз жылдай ізденіп, жиған-тергенін өз ой көрігінен өткізіп, қорытындысы 1928 жылы аяқталатынын көреміз.

Мекемтас Мырзахметұлы

Академик, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы

«Ұлылықты ұлықтау». 83 бет