МУЗЕЙ ҚОРЫНАН ШАШУ

 

ЖИДЕБАЙДАҒЫ ШӘКӘРІМНІҢ САЯТ ҚОРА ЭКСПОЗИЦИЯСЫ

 

Жидебайдағы Шәкәрімнің Саят қора экспозициясы – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бір бөлімі.

Ақынның Саят қорасы Қарауылдан 100-120 шақырым жерде орналасқан. Қораның салынғаннан бері 90 жылдан астам уақыт өтті. Уақыт өте келе үй бұрынғы қалпынан айырылып, бұзыла бастаған. Қазіргі таңда қораның сұлбасы ғана сақталған.

Шошала алыста орналасқандықтан, көрермендерге ақынның соңғы қонысын көрсету, оның өшпес мұрасымен таныстыру мақсатында, Жидебайдағы Абай музей-үйінің қасында 2000 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұйрығымен салынған үйде 2006 жылы қараша айының 16-да Шәкәрімнің «Саят қора» экспозициясы ашылды.

Саят қора – қазақ халқының ардақты ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының соңғы қонысы. Бұл жер ақынның елден жырақ кетіп, мәңгі өлмес туындыларын, тарихи-философиялық, поэзиялық шығармаларын дүниеге келтіруге арқау болған киелі жер. Оны өзі Саят қора деп атаған. 1931 жылдың 3 ақпанында жазушы Сәбит Мұқановқа жіберген хатында Шәкәрім оның Саят қорада жазылғандығын айтқан.

«Саят қора» экспозициясы ақынның өмірі мен артына қалдырған мұрасын насихаттауға арналған. Экспозицияның негізгі тақырыбы – Шәкәрім ақынның Саят қорадағы өмірі мен шығармашылық лабораториясын көрсету. Сондықтан Абай қорық-музейінің қорында жинақталған ақынның өскен ортасы, алған білімі туралы естеліктер, ой танымдарын көрсететін әдебиеттер, ағасы Абаймен қарым-қатынасына байланысты материалдар, қажылық сапары, қоғамдық қызметі мен Алашорда үкіметіне қатысы туралы мұрағаттардан табылған деректер, қолжазбалар мен ақын шығармаларының басылымдары, мұрагері Ахат Шәкәрімұлының жеке заттары мен заманын ашатын этнографиялық заттар орын алған.

Ғылыми-зерттеу және қор жұмысы

бөлімінің ғылыми қызметкері

М.Мұхамедова

ҚАЛАДАҒЫ БАС МУЗЕЙ ЭКСПОЗИЦИЯСЫНДАҒЫ

ШӘКӘРІМ АҚЫНҒА АРНАЛҒАН ЗАЛ

 

Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жабдықталған қалалық Бас музей экспозициясында Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасын таныстыратын, насихаттайтын жеке зал ашылған. Бұл залда Абайдың ақындық-өнер айналасының басында тұратын қазақтың классик ақыны, ойшыл, композитор Шәкәрім ақынның өмір деректеріне шолу беріліп, шығармаларының басылымдары мен тұлғаның ой-танымын көрсететін тарихи және философиялық әдебиеттерге көңіл бөлінген.

Ақынның қоғамдық қызметін айқындайтын архив деректері мен рухани өмірін баяндайтын сол кездің жәдігерлері де экспозицияда орын алған. Залдағы тақырыптар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде музей қорына түскен жаңа материалдармен толықтырылып тұрады. Мысалы, Мәскеудегі Ресей Ғылым Академиясының Этнология және Антропология институтының архивінде сақтаулы Ф.Фильструптың жеке архивінен 1927 жылы түсірілген Шәкәрім Құдайбердіұлының бүркітпен түскен фотосуреті мен Шыңғыстау бөктеріндегі ауыл көрінісі көрермендер назарына ұсынылған.

Шәкәрім жасаған үлгімен тігілген кимешек

КП-7299

М.Әлиакпаров 

Шәкәрім мүсіні

Шәкәрім өз қолымен жасаған шоқпары

Шәкәрім өз қолымен жасаған саптаяғы