абай және шәкәрім

  Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырзаны, қазақ ішінде, Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағылым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, һәкім, философ кісі еді.

Ш.Құдайбердіұлы

   Абай менің бетімді түзеп, адам болып шығуыма өтелмес еңбек сіңірді. Бір жылы біздің жонды аралап шығуға орыс инженері келмек болды. Абай землемерге мені қосты, әрі орыс тілін үйрен, әрі өнерін үйрен деп. Мен үш адаммен үш айдай бірге жүріп, жер өлшестім. Осы үш айдай күнім – жылдай болды. Землемер менің шала білетін орыс тілінде дұрыс сөйлеуге үлкен көмектесті. Және мен оныі үйретуімен тік үш бұрыштың есебін үйрендім. Демек, геометрия заңдарын үйрендім. Тастардан металдар шығатындығын білдім, әдістерін, белгілерін байқадым. Ол адам кетерде маған көп өлшеу құралдарын, дүрбісін беріп кетті, бұ да Абайдың арқасы. Долгополов, Михаэлис сияқты Абайдың достары келгенде Абай мені шығарып алатын. Мен олардың аса қымбат сөздерін, бағалы кеңестерін, ақылдарын зердеме алып, сан естідім. Сол әңгімелері, ақыл-кеңестері күні бүгінге дейін ойымнан шықпайды, маған үлкен сабақ болды. Батыс-шығыстың ескі замандағы ойшылдарымен, жазушы-ақындармен танысып, оқуыма да Абай себеп болды. Ғылым іздеп, қалаларды аралауыма да Абай себеп болды. «Мұсылмандық», «Түрік-қырғыз шежіресін», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» жазуыма көп көмек берді.

Ш.Құдайбердіұлы

 

   «Мен әкемнің аузынан шыққан сөзді пайғамбардың аузынан естігендей сеніп, адам болады екенмін деп, сол жылғы бастығымыз Шаһкәрім қажы болып хақиқатты олай емес, былай деп таласып жататын шәкірттерінің қатарында болдым».

Турағұл Абайұлы

  Абай бізді жақсы көретін, келгенде қасына жатамыз деп таласатынбыз. Абай «Бұл кіші ғой», - деп мені қойнына алып жататын, басқа балалар да Абайдың айналасына жайғасатын. Бізге әңгіме айтып беріп, оқыған оқуымды, жаттаған қиссаларымды айтқызатын еді

Ш.Құдайбердіұлы

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

Бір білімді данышпан жан табалық

 

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!

Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!

Жүз айтқанмен өзгенің бәрі надан,

Жалыналық Абайға, жүр, баралық!

 

Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,

Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.

Тегін білсең – аласың, бос береді.

Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.

 

Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан,

Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?

Асыл алсақ, асылын аямайды,

 Келді ғой өз еліне сата алмастан

Мынау Абай  – бір ғалым жол шығарлық,

Замандасы болмады сөзді ұғарлық.

Амалы жоқ, айналды енді бізге,

Күн туды етегіне жабысарлық.

 

Пұл асылы табылса, қолға алалық,

Кісі емес ескерусіз бос қаларлық.

Күнде осынадай табылмас бізге басшы,

Күн болса кейінгіде қозғаларлық,

 

Бұл елде түк ақыл жоқ жарасарлық,

Рахым ғып бір-біріне қарасарлық.

Өз Абайын өздері ұнатпайды,

Шын надан осылар ғой біз қашарлық

  Мұндай ақын - төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия - Абайдың өз балалары. Мұның екеуі де 1904 жылы - Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынасындағы шәкірттері. Абайдың аталық, ағалық ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін әрі оқушы, әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған.

М.Әуезов

«Абайдың ақындық айналасы» мақаласынан

 

Құтырмай енді тек отыр,

Күнәңа уайым жеп отыр.

Алдыңда кірер үйің бар,

«А, тоба оңда» деп отыр.

 

Есің бар да елің тап,

Барғанда кірер жерің тап.

Жаратқанның құлысың,

Жағатұғын ебін тап.

 

Ел мінезін білдің ғой,

Талай-ақ бірге жүрдің ғой.

Итпен бірге ит болып,

Күнәсіне кірдің ғой.

 

Енді есіңді жисаңшы,

Манар тауға сыйсаңшы.

Аласұрып аптықтай,

Бұл жалғанды қисаңшы.

 

Неменені қимайсың,

Нәпсіні неге тыймайсың?

Өзіңді кімге сыйлайтып,

Өзің кімді сыйлайсың?

 

Жан аяспас кісің жоқ,

Арманда қалар ісің жоқ.

Енді жүрер жалғанда,

Қарасам, сенде пішін жоқ.

 

Жалғанды талақ қылыпсың,

Бас-аяғын біліпсің.

Есі шыққан кісідей,

Құр сандалып жүріпсің.

 

Жалындамай сөне қал,

Алла ісіне көне қал.

Бәрінің дәмін таттың ғой,

У ішкендей өле қал!

 

«Ажал жетсе өлдің бе,

Өлім келді, көрдің бе?

Баянсызға салынба»

Десе, тоқтау бердің бе?

 

Жетпесті қудың, жеттің бе,

Барша жаннаң өттің бе?

Тағдырың жазған ақ өлім,

Құтылып онан кеттің бе?

 

Қарманып едің, таптың ба,

Қарындасқа жақтын ба?

Қарсыласқан жауыңды,

Қаніки, жерге қақтың ба?

 

Білдім дедің, не білдің,

Басына пайда не қылдың?

Бәрі де болды баянсыз,

Өзіңнен-өзің жеңілдің.

 

Өлместей оны көруші ең,

Соған да қарсы келуші ең.

Аяған сонан жаныңды

Кімге сақтап беруші ең?

 

Өзің кімнен кем едің,

Кім үшін уайым жеп едің?

Күдеріңді үздің бе,

Сүйенішім мықты деп едің!

 

Қаніки, қайтып келді ме,

Жаныңа жәрдем берді ме?

Жалаңдаған жалмауыз,

Жан-жағыңнан көрді ме?

 

Тиянақ көрме жалғанды,

Қуа берме арманды.

Пайғамбар мен сахаба,

Сен түгіл содан қалған-ды.

Тамам жанды билемек,

Жалғыз өзің сөйлемек...

Мұның түбі не болар,

Үмітің болды не демек?

 

Досты мықты қылмақсың,

Дұспаныңды қырмақсың.

Аяғында сен де бір

Кішірек құдай болмақсың.

 

Жуанның ойы осы ғой,

Бұл мінезден шошы, қой.

Шыға алмассың ырғалып,

Ол қайраттың босы ғой.

 

Шын досың саған не берді,

Соныңнан сенің неге ерді?

«Арам да болсам ақтасын,

Күнәма керек» деп ерді.

 

Еш нәрсеңді алмайды,

Жұмысы келсе, жалдайды.

Күй, отқа түс, суға түс,

Арам да болсаң қалмайды.

 

Шын жолдасың осы ма,

Осылар жанның досы ма?

Ақ ісіне адам жақ,

Адамнан тіпті шомыма!

 

Туысқан мен жақынның,

Оларға толса тақымын,

Тату жүр деп зарлааған

Алынып па еді ақылың?

 

Адалдық айтып жеңді ме,

Немесе сөзге көнді ме?

Неше жылдай ұққан жоқ,

Ақылы жаңа енді ме?

 

Болмасқа бұлай қара тер,

Алдыңғы жақты қамдай бер.

Жақыныңнан жау жақсы,

Ең жақының қара жер.

 

Дұспаның анау, ел мынау,

Ойласаңшы, япыр-ау.

Адам болып туып ең,

Ақылың қайда, батыр-ау?

 

Құры білген не керек,

Білгенді қылған, со керек.

Баянсыздың бәрін қой,

Боласың сонда шын зерек.

 

Жаныңа қызық жалғанда,

Неменең қалды арманда.

Бұл жалғаннан не серік,

Тәңірі алдына барғанда.

 

Лапылдадың, жаңдың ғой,

Тілегіңді алдың ғой.

Су екен деп, у ішіп,

Жаның жай боп қандың ғой.

 

Іздегенің мақтан ғой,

Далақтап күнде шапқан ғой.

Не күн туды басыңа,

Тегінде, жын қақақан ғой.

 

Жын қақпаса мұның не,

Шынымен қор болдым ғой.

Есіңді жи, ерте ойлан,

Қаза келді – өлдім де.

 

Бір өлген соң жау да жоқ,

Алдыңа келер дау да жоқ.

Бұл жалғаннан кеткен соң,

Партия сатқан сауда жоқ.

 

Қалғандар жүрсін қағынып,

Қайтесің оны сағынып.

Текпілесін молаңды,

Жатырсың деп не қылып?

АБАЙ МАРҚҰМ ӨТКЕН СОҢ  ӨЗІМЕ АЙТҚАН ЖЫРЛАРЫМ

 ...Абай өзін қалай тәрбиелесе, бізді де солай тәрбиеледі. Соның негізгілері: Адам елге, не біреуге пайдасын тигізуі керек. Пайдасын тигізе алмаса, залалы тимесін. Онан соң, қатты тапсыратын нәрсесі – адалдық! Адал болыңдар, адалдың арқаны ұзын. Біреуді өткелге салып өтуден сақ болыңдар. Егер бұны істемесеңдер, ырза емеспін, – дейтін. Адам баласын ұлтқа, руға бөлуден сақтан, ала көрмеңдер. Бұлардан басқа да: Қайтсе адам адамшылық атқарады? Жазушы, ақын қандай болуы керек? Шын адам кім? Жаман нәрселер нелер? Адамның қай мүшесі қандай қызмет атқарады, қай мүшең артық? Адамшылық міндетін немен атқарады? Елге қалай еңбек ету керек? – Осыларды өзі шешіп, көп-көп ақыл айтып ұқтырады.

Шәкәрім

(Ахат естелігінен)

                   Жидебайдағы Абайдың үй-жайының салынуы жайында

КП-4477  

  Жидебай деген жер Шыңғыстан құлай аққан Қарауыл өзенінің суы жайылатын жалпақ, мол көгал пішендіктің ортасындағы шағын дөңке. Бұл дөңке кілең қия біткен ақтастан құралған. Жидебай – кісі аты, руы Мамай. Ерте кезде осы араны ол Жидебай қыстаған. Сондықтан осы жер Жидебай атанып кеткен. Осы дөңкенің оңтүстік жақтағы етегінен 1840 жылдар шамасында Абайдың әкесі Құнанбай кірпіштен там-қора салдырып, осы араны қыстау еткен. Құнанбайдың Ұлжан деген әйелінен туған кенже баласы Оспан ер жетіп, үйленген соң, Құнанбай Жидебайдағы қыстауын Оспанға беріп, өзі «Ақ шоқы» деген жерде орналасқан. 1892 жылы Абайдың інісі Оспан қайтыс болғаннан кейін, бұл Жидебайға Абай орныққан.

Абайдың Жидебайдан жаңа там-қора салу ойында болып, қыс айларында, Семейден тақтай, маткалық жуан қарағайлар тасытқан. 1895 жылы, қар кетісімен 30 шақты іскер, әлді азаматтарды жинап, там-қора салу жұмысын бастаған. Абай тамдарын бір бөлек, қой қора, атқора, түйе қора, сиыр қораларын және қарауылшы тұратын үйін бір бөлек, тамынан 300-400 метрдей жерден салдырған.

Абай Жидебай дөңінің дәл үстін тегістеттіріп, үй, шошала, етхана, лапасын сол жерге салдырған. Абайдың планы бойынша там жағында мынадай бөлмелер болған. Екі қазандық қазан аспасы бар ас үй, бір қонақ үй, Абайдың жазу үйі, тамақ ішетін алдыңғы үйі. Еркежан отыратын үй. Төрт үйдің есіктері шығатын үлкен зал, бұл залдың жарық түсетін, төбесінен жасалған екі жерде терезесі болған. Сыртқы есіктен кірген жерде және екінші залы бар-тын. Төбесі биіктеле келіп, төрт адал бақан тірелген шошаласы, етханамен жалғас келетін, үш ат жегетін трашмөңке, екі ат жегетін шана тұратын кең лапасы болған.

Бес үйде 7 терезе болған. Терезелері төрт бұрышты емес, жоғары жақтары доғаша иіліп келген. Бес үйдің төбелері енді тақтайлармен жабылып, еденделген. Төбе тақтайлары боялмаған, тек едендері ғана күрең бояумен боялған. Барлық есіктер қалың тақтайлардан қиылып, топсалары сом темірден істеліп, сыртқы тұтқалары ағаштан жасалған. Есік босағалары да жуан бөренеден шабылып істелген. Қазан аспадан басқа төрт бөлмеде төрт пеш болатын, мұның екеуі төрелердің жұмыр пеші деп аталатын жұмыр пеш, бірі қонақ үйде, бірі Абай отыратын үйде болатын, екі төрт қырлы пеш – ауыз үй мен Еркежан үйінде болған. Осы жайларын салуға, бұрынғы «Шаған» болысына қарасты, түбі - төре, қолдарынан мөрі тамған, ағаш шабуға, тақтай қиып, өңдеуге, пеш, қора, там қалауға өте шебер – Майқан, Мәулімқан деген ағайынды шебер адамдарды алдырған. Бұлар бес болыс Тобықтыға атағы шыққан шеберлер, қиған тақтайларының жігін білдірмейтін, тастан өрім өргендей таңдайлап қалайтын ісмерлер. Бұлардан басқа белгілі там-қора қалаушы ноғай Сәйпитан болған. Сәйпитанды ел: «Бір қойған кірпішін екі қоймайды, бір тамшы ылайын шашыратпайды, 20-30 кірпішті не сыртқа, не ішке тартқанын көрмейсің», - дейтін. Және бұлармен бірге Топай руынан шыққан тас қалауға, үй қалауға шебер, қайратты жас жігіт Ағыбай болған. Тас дайындайтын жігіттердің бастылары – қара күштің алыбы – Өтеғұл табынан шыққан қайраты қажымас Қауғабай мен Әнет руынан шыққан мол қайратты Серікбай. Кірпіш құюшылардың бастығы – елге атағы жайылған, бір күнде екі мың жарым кірпіш құятын қолтоқпақтай, кең жауырын, қысқа бел, Әнет руынан шыққан жас жігіт – Шүлембай, темір топсаларды, еден шегелейтін шегелерді, басқа керек заттарды соғатын, Әнет табынан шыққан белгілі шебер ұста – Сағындық, өрімдерді қабықтап, морға салып түзететін атақты үйші – Жүнісбай, міне, Абайдың там қорасын салған сол кездегі шебер адамдар. Абайдың бес үйі құйған кірпіштен қаланып, төбелері қабығы алынған, қолдың саласындай етіп, морға салып, түзетілген өрімдермен жабылған. Үйлердің төбелері шатырсыз, су өтпестей етіп, күл, топырақпен қалың етіп жаптырылған. Жоғарыда айтылған Абайдың там қораларын салған адамдардың көпшілігін мен ержеткен кезімде көрдім. Олар Абайдың там қораларын салып, Абайға өте риза болғандарын айтып жыр ететін. «Біздің тамқора салған уақытымыз сауық-сайранмен өтіп еді», - деп сол кездерін қызықты етіп баяндайтын. Абай өз тұсындағы шеберлерді жинап, үйін, сол кездегі басқа қазақтарда болмаған сарай сияқты етіп салдырған.

Мен Абай қайтыс болғанда 4 жаста едім, 7-8 жасымнан 29 жасыма дейін осы үйдің барлық құрылысын жақсы білемін.

Мен Абайдың үлкен ағасы Құдайбердінің немересімін. Абайға шөбере боламын. Құдайбердінің үлкен ауылы Абай қорасының күнбатыс солтүстігін ала 2 шақырымдай ғана жерде. Сондықтан, мен Абай ауылына жиі баратынмын. 1968 жылы Алматыдан өзімнің туып-өскен жеріме келдім. 1969 жылы облыстың, ауданның басшыларының ұйғаруы бойынша, Жидебайдағы Абай музейінің қызметкері болып тағайындалдым. Осы уақытқа дейін сонда істеп келемін.

Әубәкір – Ақылбайдың баласы, оны Оспан асырап алып, Еркежан бауырына салған. Абай Еркежанды алған соң, Әубәкір Абайдың қолында болған. Сондықтан, Абай қайтыс болғаннан кейін, Жидебайдағы үйге Әубәкір ие болып қалған. Әубәкір Абайдың бұрынғы үйіне өзгерістер енгізген: үйдің солтүстік батыс жақтағы қабырғасынан қора қалатқан, және оған жалғас пішен қора салдырған.

Бұрынғы терезелердің доғаша иіліп келген доғасы қалдырылып, төрт бұрышты терезелерге айналған.

1925 жылдан 1929 жылға дейін бұл үй кооперацияға жалға берілген. Олар бұл үйді магазинге айналдырып, бірнеше өзгерістер енгізген: бұрынғы есіктердің қайсыбірін бекітіп, басқа жерден есік шығарған. Сол сияқты пештерін де өзгерткен. Сөйтіп, Абайдың өзі салдырған үйі осындай бірнеше өзгерістерді бастан өткізген. Абайдың қыстауының фотосы деп түсіріліп алынған суреттер – дәлді бұрынғы үйдің суреті емес, өзгеріс кіргеннен соң түсірілген фотолар. 1930 жылдарда Абайдың салдырған үйінің еден, төбе тақтайлары, зал, шошала, етханалардың сырғауылдары алынып, бұзылып қалды. Жамылшылары алынған үйлердің маңдайшалары, кейбір қабырғалары құлап қалды. Бірнеше жыл өткеннен кейін, үйлердің құлаған жерлерін топан, ол-пұлмен жамап, жауып, сиыр қамайтын қора жасады. Одан кейін түйе фермасы болып, тамдарына боталар да қамалды. 1945 жылы Абай қыстауын қайта жөндеу керек деп, кетік жерлерін қалап, төбесін шатырлап жапты. Бірақ топыраққа айналған кірпіш қабырғалар үгітіліп, зорға қалқиып тұрды. Шошала, етхана жақтары біржола құлап, үйлер бұрынғы формасынан айрылып қалды.

Абайдың туғанына 125 жыл толу мерекесіне қарсы, бұрынғы үй жайы қайтадан өз қалпына келтіріліп жөнделсін деген жоғары партия мен өкімет қаулысы шықты. Бұл жұмыс тікелей Семейдің облыстық партия комитеті мен облыстық Совет атқару комитетіне тапсырылды.

Ахат Шәкәрімұлы 

Құдайберді немересі

12 декабрь 1971 жыл