Бостандық таңы атты

gallery/2

Бостандық таңы атты,

        қазағым көріңдер,

Арға ие басшының

        сонынан еріңдер.

Таң артынан хақиқат

        күн шығады,

Еріншек, жалқаулық

        әдеттен безіңдер.

 

Арамдық, аразды

        түбімен жойыңдар

Өтірік, өсекті

        бір жола қойыңдар.

Намыс, жігер,

        бойыңа жиып қайрат,

Қажымай адалдық

        жағында болыңдар.

Бірлік пен талапты

        еңбекке салыңдар,

Өнерлі елдерден

        өнеге алыңдар.

Күндестіктің өзімшіл

        көзін құртып,

Ұмытылып, ерікті

        ел болып қалыңдар.

Ар түзер адамның

        адамдық санасын,

Ақ жеңіп шығады,

        арамның қарасын.

Адал еңбек

        ақ жүрек берер шешіп,

Таза ақыл қосылса,

        әлемнің таласын.

Адамның бәрі бір,

        болмайды аласы,

Оларды бұзатын

        нәпсінің таласы.

Ар билейтін заманда

        нәпсі өліп,

Бірігер еңбекте

        барша адам баласы.

Адалдың жері жоқ

        ақырда жеңбейтін,

Тарихта әрқашан

        адал жан өлмейтін.

«Ақ иіліп сынбақ жоқ» –

        деген рас,

Нәпсі өлсе өзімшіл,

        бұған кім сенбейтін?

 

Таласпай бөліссе

        табиғат байлығын,

Қара жер тойғызар

        адамның барлығын.

Махаббатпен бірлесіп,

        еңбек қылған

Өмірдің көреді,

        бақытты, сайлығын.

 

Бұл өмір таусылмас,

        жаңарар адамзат,

Арам ой ұмытылып,

        зорлықшып болар мат.

Адал етсең, еңбектің

        жемісін жеп,

Шалқыған ел-жұртым,

        боларсың көңілің шат.

Мен өлсем, ұрпағым

        артымда қаларсың,

Тілеген мақсұтты

        өмірден аларсың.

Есіңе алып

        келгенде қабырыма,

Шаттықпен шалқытып

        әніме саларсың!

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Ақын, аудармашы, тарихшы, сазгер, философ

Шәкәрім! Абайдың ерекше туған інісінің аты Шәкәрім еді. Абайдан соңғы ең танымал есім. Абайдан соңғы ең көрнекті тұлға. Одан соң ... өзі өлсе де, аты өшпеген.

Мұхтар Мағауин